Өнер әлеміндегі ағалық мейірім мен шынайы жанашырлықтың жарқын үлгісі көпшілікті сүйсіндірді. Белгілі әнші, «МузАРТ» тобының солисі Мейрамбек Беспаев жас әріптесіне күтпеген жерден су жаңа автокөлік сыйға тартты. Бұл туралы қуанышы қойнына сыймаған өнерпаздың өзі әлеуметтік желідегі оқырмандарымен бөлісті деп жазды ozgeris.info сайты.
Көлікті болған жас әншінің айтуынша, бұл оқиға мүлдем аяқ астынан, қызықты жағдайда басталған. Осыдан екі апта бұрын ол «Cover Show» жобасына қатысушы ретінде барып, өз өнерін көрсетеді. Түсірілім жұмыстары аяқталған соң, Мейрамбек Беспаев бастаған өнерпаздар мерекелік шараға қатысып, қонақ болады.
Кеш соңында үйге қайтар уақыт таяғанда, Мейрамбек ағасы інісінен: «Үйге баратын көлігің бар ма?» – деп сұрайды. Жас әнші еш ойланбастан: «Иә, аға, такси шақырып қойдым», – деп жауап береді. Алайда, танымал әнші бұл жауапқа «Такси емес» деп қана қысқа қайырып, әңгімені сол жерден доғарады.
Қызықтың көкесі келесі күні басталды. «Cover Show» жобасына бұл жолы сарапшы (жюри) ретінде келген жас әнші Мейрамбек Беспаевтың қасында отырады. Бір уақытта ағасы ойламаған жерден бұрылып: «Сен кеше осы шынымен көлігім жоқ дегенің рас әңгіме ме?» – деп сұрайды. Інісі бұл шындық екенін және мұндай нәрседен ұялудың қажеті жоқтығын айтып, растайды.
Бағдарлама аяқталған соң, Мейрамбек Беспаев інісін өзінің грим бөлмесіне шақырады. Онда барған жас өнерпаз ағасының салмақты да шынайы сөзін естиді.
«Сенің кешегі көлігім жоқ деген сөзің, өтірік айтпай-ақ қояйын, шамалы жүрегіме ауыр тиді. Маған картаңның 16 санын қалдыршы. Амандық болса, жақын күндері мен өзім саған бір сүйіншімді жіберем, соған өзің ыңғайлап бір көлік ал», – дейді Мейрамбек Беспаев.
Жас әнші үшін бұл күтпеген үлкен сый және ерекше құрмет болды. Бүгін Алланың қалауымен және Мейрамбек Беспаевтың тікелей қолдауымен ол су жаңа көліктің иесі атанды. Өнер иесі бұл қуанышын «Үлкен сый, үлкен құрмет!» деп бағалап, ағасына алғысын жаудырды.