Баян Алагөзова желідегі даудан кейін «Қыз Жібек» қамзолын не істейтінін айтты

Баян Алагөзова желідегі даудан кейін «Қыз Жібек» қамзолын не істейтінін айтты

Танымал продюсер Баян Алагөзова өзіне сыйға тартылған «Қыз Жібек» фильміндегі қамзолға қатысты қоғамда туындаған дауға жауап берді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.

Желіде қызу талқыға түскен киім туралы ол өзінің Instagram парақшасында бейнежазба жариялады. Продюсердің сөзінше бұл жәдігер ешқандай ресми құжатта немесе мемлекеттік баланста тіркелмеген.

«50 жылдан астам уақыт бойы бұл қамзол ешкімге керек болмағанына қайранмын. Ұлы туындының басқа костюмдері қайда кетті, оларды ешкім сақтаған жоқ қой», – деп наразылығын білдірді ол.

Одан бөлек өнер иесі бұл киімді бір әйелдің өз үйінде көздің қарашығындай сақтап келгенін мәлімдеді. Оның айтуынша бұрынғы иесі тарихи жәдігерді жылына 30 адам ғана кіретін мұражайға емес, сенімді қолға табыстауды жөн көріпті. Алагөзова алдағы уақытта бұл қамзолдың 600 көшірмесін тігіп шығармақ.

«Келесі жылы «Қазақ аруы» байқауының 17 маусымында осы киімнің дәл өзіндей етіп репликаларын тігіп шығамын. Бұл Гүлфайрус Исмаилова жасаған сұлулықты дәріптеу үшін жасалады немесе оны мұражайға өткіземін, сол жақта ілулі тұрсын», – деді продюсер.

Бұдан бөлек ол актриса Меруерт Өтекешеваның көзі тірісінде үлкен құрметке лайық екенін еске салып, байқауды соның құрметіне арнайтынын жеткізді.

Еске сала кетейік бұған дейін Баян Алагөзова аты аңызға айналған «Қыз Жібек» фильміндегі түпнұсқа қамзолды киіп көрсеткен болатын. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырып, Мәдениет және ақпарат министрлігі тарихи жәдігердің жеке қолға қалай түскенін тексеретінін хабарлаған еді.