Алматы облысында мектеп оқушысына қатысты жантүршігерлік қылмыс әшкере болды

Алматы облысында мектеп оқушысына қатысты жантүршігерлік қылмыс әшкере болды

Алматы облысының Райымбек ауданында мектеп оқушысына қатысты жасалған жантүршігерлік қылмыстың беті ашылды. 9-сыныпта оқитын 15 жастағы жасөспірімді бірнеше адам жүйелі түрде зорлап келгені туралы ақпарат тарады. Бұл туралы танымал журналист Жан Ахмадиев хабарлап, жағдайдың мән-жайын баяндады деп хабарлайды ozgeris.info сайты Politiko.kz порталына сілтеп.

Журналистің мәліметінше, жасы 16 мен 25 аралығындағы сегіз жігіт екі ай бойы кәмелетке толмаған қызды қорқытып, түнгі уақытта далаға шығарып отырған. Сұмдық оқиға туралы ақпарат алдымен оқушылар арасында жайылып, кейін мектеп басшылығына жеткен. Директор жәбірленушімен сөйлескен соң ғана оқиғаның анық-қанығы белгілі болған.

Алайда бұл істе түйткілді тұстар аз емес. Жергілікті мектеп басшылығы бұл деректі біле тұра, құзырлы органдарға хабарлаудың орнына бес күн бойы жасырып келген деген ақпарат бар.

Жан Ахмадиевтің айтуынша, қылмыстық іс биылғы жылдың 16 наурызында ресми тіркелген. Соған қарамастан, күдікті деп танылған сегіз адамның ешқайсысы әлі күнге дейін қамауға алынбаған. Олардың арасында тіпті мектеп мұғалімдерінің балалары да бар екені айтылуда.

Бүгінде шарасыз күйге түскен жасөспірім журналистен көмек сұраған. Қоғам белсенділері мен жұртшылық бұл істің әділ тергелуін және кінәлілердің заң алдында қатаң жауап беруін талап етіп отыр.

Все новости