Рим Папасы Франциск өмірден өтті

РБК

Рим Папасы Франциск 21 сәуір күні, дүйсенбіде, Ватикандағы өз резиденциясында дүниеден өтті. Бұл туралы Ozgeris.info агенттігі Vatican News ресми порталына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

88 жастағы понтифик 14 ақпан мен 23 наурыз аралығында ауруханада емделіп, екіжақты өкпе қабыну диагнозымен ауыр халде жатқан. Дәрігерлер оған қан құю мен жасанды тыныс алдыру шараларын жасаған. Ақпан айының соңында Франциск тыныс алу дағдарысын бастан өткерген болатын.

Бұған дейін кардинал Джанфранко Равази Папаның денсаулығына байланысты тақтан бас тартуы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Франциск те мұны растаған болатын — егер жұмысқа қабілетсіз күйге түссе, отставкаға кету туралы өтінішке қол қойғанын және оны бұрынғы Ватикан Мемлекеттік хатшысы Тарчизио Бертонеге тапсырғанын айтқан. Алайда құжаттың қазіргі қайда екенін білмейтінін жеткізген.

Қайтыс болардан бір күн бұрын ғана ол Әулие Петр соборының балконына шығып, Пасха мерекесін атап өткен жұртты құттықтап, дәстүрлі түрде “Urbi et Orbi” – “Қалаға және әлемге” батасын берген еді. Сондай-ақ, Украинаға бейбітшілік тілеп, қақтығыстарды тоқтатуға шақырды.

Айьа кетейік, Папа Франциск 2013 жылдың 13 наурызында Рим Папасы болып сайланған болатын. Ол Католик шіркеуінің басшысы ретінде әлемге бейбітшілік пен мейірімділік үндеулерімен танымал болды.