Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының учаскелік инспекторы Жаңабек Кенжебаев 45 иесіз жылқыны Ресей Федерациясымен шекаралас аумақты аралап жүріп байқап қалды, деп хабарлады ІІМ.
Полицейлер жануарлардың иелерін табу үшін жақын маңдағы ауылдардың тұрғындарын сұрастырғанымен, олардың арасында иелері жоқ. Содан Жаңабек Кенжебаев өз күшімен жылқылар жоғалып кетпесін деп бір шаруа қожалығының қорасына айдап жібереді.
Полицей Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарына хабарласқан. Оның ресейлік әріптестері табылған жылқылардың Орынбор облысы Қоскөл ауылының сегіз тұрғынына тиесілі екенін растады. Оларды осы жылдың қаңтар айынан бастап іздеп жүр.
15 мамырда Ресейден келген қожайындар жылқыларын алып кетті.
«Сонымен бірге, мұндай оң нәтижеге халық дән риза болып, полиция майоры Жаңабек Кенжебаевқа шынайы алғыстарын білдірді», — деп атап өтті ІІМ.
ПІКІР ЖАЗУ