Дене салмағыңыз, тістеріңіздің жағдайы, қаныңыздағы холестериннің мөлшері сынды мәселелер сізді мазалай ма? Ал мұның бәріне себеп — күнделікті тамақтануда қолданатын қант екенін біліп пе едіңіз? Кейде аға-апаларымыздың бұны “ақ у” деп жататыны да бекер емес.
Тәтті шәй, бәліш, шоколад, газдалған сусындар, кәмпит сынды құрамында қант мөлшері көп тағамдардың зиянын сезінбестен, күнделікті өмірде мөлшерден тыс қолданып жатамыз. Ал диетолог мамандар одан бас тартуды ұсынады. Себебі бұл шешімнің сіздің денсаулығыңыз бен өмір қалпыңызға әкелетін бірқатар пайдасы бар екен.
Сонымен, қанттан бір айға бас тартсақ не болады?
- Холестеринді азайту. Қант қосылған тағамдар мен сусындарды шамадан тыс тұтыну қандағы қант деңгейіне теріс әсер етеді, сонымен қатар 2-типті қант диабетінің даму қаупін арттырады.
Нан өнімдері, газдалған сусындар, кәмпиттер және энергетиктер сияқты өнімдер құрамында жоғары фруктоза жүгері сиропымен қоса, тез сіңетін қант бар.
Тағамның мұндай түрлерін шамадан тыс тұтыну қандағы қант деңгейінің жоғарылауы мен инсулинге әсер етеді.
- Артық салмақтан арылу. Күнделікті өмірде артық киллограмдардан басқа пайдасы шамалы тамақтарды тұтынуды қалар ма едіңіз? Дегенмен құрамында қанты көп тағамдар мен сусындар дәл осы типке жатады. Олардың калориясы көп болғанымен, құрамында қоректік заттар, ақуыз және талшықтар аз.
Осы себепті қантты тағамдарға бай рацион салмақтың өсуіне әкеледі. Сонымен қатар висцеральды дене майының жоғары деңгейі де осы қосылған қантпен байланысты.
Қант қосылған тағамдар мен сусындардан бас тартып, қоректік заттарға, ақуызға және талшыққа бай диетаны ұстануыңыз салмақ жоғалтуыңызға көмектеседі.
- Ауыз қуысы мен тістің саулығы. Тәттінің тіске зиян екені бәріне мәлім. Қант қосылған тағамдар мен сусындарды тұтыну балаларда да, ересектерде де тіс жегі мен тіс ауруы қаупін арттырады. Себебі ауыз қуысындағы бактериялар қантты ыдыратып, тістің бетін зақымдайтын қышқыл түзеді.
Сондықтан қант мөлшерін азайту тістеріңізді қорғайды. Дегенмен, қанттан 30 күн ғана бас тартудың ұзақ мерзімді перспективада тіс денсаулығына оң әсер етуі екіталай.
- Жүрек қағысының жақсаруы
Қант қосылған тағамдар мен сусындарды тұтыну жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупімен де байланысты. Олар қан қысымын, триглицерид деңгейін және «жаман» LDL холестеринін арттырады.
Зерттеулер көрсеткендей, қосылған қантты шамадан тыс тұтыну жүрек-қан тамырлары ауруларынан өлім қаупін арттырады.
Осы арада тұтас өсімдік тағамдарынан тұратын, қант тұтынуды шектейтін диета түрлері жүрек-қан тамырлары ауруларының, триглицеридтердің және «жаман» холестериннің қаупін айтарлықтай төмендететіні анықталды.
Адамның денесі — оның жанына арналған ұя іспеттес. Ал бұл ұяны қоқысқа толтыра берсек, оның көп ұзатпай ыдырап, тіпті шіри бастайтыны баршамызға мәлім. Сондықтан, адам өміріндегі ең үлкен, сарқылатын байлық — денсаулығымызды сақтайық. Қант мөлшері көп тағамдарды шамадан тыс қолданам деп, тәнімізді улаудан сақ болайық.
Ақерке Кәріпжан
ПІКІР ЖАЗУ