Ресми мәліметтерге қарасақ, былтыр елімізде психиатриялық стационарлардың жұмысы 12 пайызға артқан. Жарты жылда осы саладағы мамандардың қызмет көрсетуіне 14 млрд теңге жұмсалған. Елде 202 мыңнан астам адам психикалық аурумен дәрігер бақылауында. Олардың басым бөлігіне «психикалық дамуы тежелген» диагнозы қойылған. Науқастардың көбі Астана қаласы мен Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген екен. Ментальды бұзылуға – әлеуметтік желіге тәуелділік, экономикалық қиындықтар, мәдени өзгерістер, тіпті жаһандық дағдарыс та себеп дейді мамандар. Әлемде стресстің жоғары деңгейінің де әсері бар.
Психикалық тұрақсыздық көптеген адамдарда кездесетін құбылысқа айналды. Әсіресе көктем және күз мезгілі өтпелі маусымдар болғандықтан, бұл кезеңдерде ауа райының күн ұзақтығы мен гормоналдық фонның өзгеруі адамның психикалық жағдайына әсер етуі мүмкін. Психолог мамандардың айтуынша, психикалық ауытқулар барлық маусымда байқалады, және сау адамның өзі күйбелең тіршілікте психикалық күйзеліске ұшырауы мүмкін.
Ozgeris.info тілшісі психикалық тұрақсыздықтың қауіпті факторларын анықтап, психолог маманның пікірін сұрады.
Адамның көңіл-күйі мен психикалық жағдайына үңілмес бұрын, қоғамды шулатқан оқиғаларға тоқталып өтейік. Себебі дәл осы жантүршігерлік жағдайлар халықты алаңдатып қойды. Бұл нағыз психикалық тұрақсыздықпен күресуді талап ететін, оны зерттейтін өзекті мәселе. Естеріңізде болса, осы жылдың ақпан айында Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде қайғылы оқиға орын алды. 14 жастағы жасөспірім лифт ішінде 5 жасар балаға пышақпен шабуыл жасап, оның бетін жарақаттаған еді. Аталмыш оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап, жұрттың жағасын ұстатты. Жарақаттанған бала ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер шұғыл ота жасады. Қазіргі уақытта баланың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, дегенмен бұл оқиға бірқатар жүйелі мәселелердің бетін ашты.

14 жастағы жасөспірім психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғаны және шизофрения дертімен ауыратыны анықталды. Оқиғадан кейін ол психиатриялық стационарға жатқызылған.
Бұл оқиғадан кейін психикалық ауытқулары бар адамдар қоғамға қалай бейімделуі керек? Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін психикалық тұрақсыздығы қозған балалар мен жастарға қандай көмек ұйымдастыру керек және бұл үшін кім жауапты деген сұрақтар туындайтыны анық.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев жасөспірімнің жағдайына байланысты қызметтік тексеріс басталғанын мәлімдеген. Ол психикалық ауруы бар балалардың қамқоршылары оларды үнемі бақылауда ұстауға міндетті екенін атап өтті. Сондай-ақ бала жақында ғана ем алып шыққан. Дәрігерлердің қорытындысына сәйкес, жасөсіпірім қоғамға қауіпті болмаған.
Ал Ринат Заитов бұл жағдайға сананы улайтын ғаламтордағы дүниелер әсер етті деп санайды.
«Ешкім 24 сағат баланың қасында болмайды. Баланың қасында телефоны болады, не телевизоры болады. Сол жерде. Сол жерде ойыны бар, басқасы бар. Түгелі осында. Әнеукүнгі бала, лифтіде неге істеді? Ол ойыннан көрген. Ол соны істеді. Ойыннан адам өлмейді. Соны істеп көрейін деді. Ал мына интернеттегі қоқыс шаш етектен. Осы мәселені шешіп алсақ», — деді мәжіліс депутаты.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те бұл оқиғаға бей-жай қарамай, өз пікірін білдірді.
«Жалпы, психиатрия, психология, психотерапевтердің жұмысын көп адам шатастырады. Тиісті мекемелердің ашықтығы. Бұл – өте үлкен мәселе. Бұл жабық мекемелер. Онда не болып жатыр? Қалай болып жатыр? Олардың жұмысы қандай? Кадр, материалдық-техникалық базасы сынды мәселелер ушығып тұрған сұрақтар», — деді ол.
Сондай-ақ ол бұл оқиға тек қайғылы жағдай емес, сонымен қатар жүйелі түрде шешілмей келе жатқан мәселелердің жиынтығы екенін айтты. Психикалық тұрақсыз жасөспірім кез келген уақытта адамдарға шабуыл жасауы мүмкін екенін көрсетті. Ол мәселені кешенді түрде шешу керектігін алға тартып, бірқатар ұсыныс білдірді.
Психоневрологиялық қызметтерді реформалау
- Кәмелетке толмағандардың психикалық бұзылыстарын диагностикалау мен емдеуді жетілдіру.
- Реабилитациялық бағдарламаларды дамыту және мінез-құлқын бақылау.
- Психикалық ауытқулары бар адамдарды күту ережелерін жақындарына үйрету.
Ата-аналармен жұмысты күшейту
- Егер қауіпті адам жақын жерде тұрса, көршілер мен мектепті міндетті түрде хабардар ету.
- Есепте тұрған адамдардың жағдайы мен мінез-құлқын тұрақты тексеру.
- Агрессивті азаматтарды бақылау, қауіп төнген жағдайда уақытша оқшаулау мүмкіндігін қарастыру.
Тұрғын үй кешендеріндегі қауіпсіздік
- Лифттерде, кіреберістерде және аулаларда бейнебақылауды қамтамасыз ету.
Психикалық ауытқуы бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау
- Әлеуметтік қызметкерлерді тарту.
- Қажетті дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету және медициналық көмекті жетілдіру.
- Мінез-құлықты бақылау және түзету.
- Психологиялық қызметтердің жұмысын жандандыру.
Заңды өкілдердің жауапкершілігі
- Кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарының салдары туралы ата-аналармен қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
- Егер отбасы баланы бақылауда ұстай алмаса, мониторинг және оңалту нәтижелері бойынша қосымша қолдау шаралары қабылдануы тиіс.
«Оперативті қызметтердің жедел әрекет етіп, білікті медициналық көмек көрсеткені және қылмыстық іс қозғалғаны назарға алынуы керек», — деп жазды Аймағамбетов.
Бұл оқиғадан кейін тағы бір оқыс оқиға Алматы әуежайында орын алды. 67 жастағы Машрапбек Баратов әуежай қызметкерін кепілге алып, шашынан тартып, пышақпен қорқытқан сәті әлеуметтік желіде тарап кетті. 23 жастағы Ботагөз Мұхтарова тексеріс кезінде аталмыш ер азаматтың құжаттарын көрсетуін талап еткен. Дәл сол сәтте қызға тап берген ол «бәрін жарып жіберемін» деп қорқытып, қызды 7 минут бойы шашынан жібермей ұтсап тұрды. Ол не үшін бұлай жасағаны белгісіз, алайда әуежайдағы келіп-кетушілер мен қызметкерлердің зәресін ұшырғаны анық.

Әуежайдағы күдікті енді адамды кепілге алғаны үшін сотталады. Күдікті екі айға қамауға алынып, үш бірдей баппен іс қозғалды. Яғни, кепілге адам алу, суық қару ұстау және жалған терракт туралы хабарлау. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі осы оқиғадан кейін еліміздегі барлық әуежайлардың қауіпсіздігін тексермекші. Ал, бір сәтте батырға айналған Мұса Әбдірайымовтың әрекеті ерлікке тең. Мұндай батылдыққа екінің бірі бара бермейді.
Бұл оқиғаны «қойылым» деп бетбақтырмай отырғандар да табылды. Алайда қырағы жұрт сол күдіктінің бір жыл бұрын автобуста бір әйелді ұрып жатқан видеосын тауып әкелді. Осы әрекеті үшін ол бір жылға шартты түрде сотталған деп полиция да растап берді. Ол оқиға өткен жылдың күз айында болған.
Жоғарыда аталған оқиғалар елді дүр сілкіндірді. Екі жағдайда да психикалық ауытқу екені анықталды. Бұл оқиғалар расымен де терең зерттеліп, салдарымен емес, себептерімен күресу керектігін көрсетіп отыр.
Қазақстанда психикалық және мінез-құлық ауытқулары бар адамдар саны соңғы жылдары артып келеді. Мысалы 2021 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 300 323 пациент психикалық проблемалар бойынша динамикалық бақылауда болған. 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша: 198 417 адам динамикалық бақылауда тұрған, оның ішінде 41 014-і балалар. 2025 жылдың 12 ақпанындағы жағдай бойынша: 204 408 адам динамикалық бақылауда, оның ішінде 44 781-і кәмелетке толмағандар. Былтырдың өзінде кәмелетке толмаған 10 мыңнан аса жасөспірім стационарлық жағдайда ем алған. Бұл қатарда шизофрения дертіне шалдыққан 178 науқас бар.
Бұл статистика елімізде психикалық денсаулық мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін көрсетеді. Психикалық ауытқулары бар адамдарға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін жетілдіру маңызды. Бұл ретте елімізде психологиялық көмек туралы заң әзірленіп жатқанын айта өткен жөн. Құжатқа енуі тиіс дүниелерді депутаттар мен сала мамандары жарыса айтып, ұсынып жатыр. Ұсыныстың ішінде жоғары оқу орындарында психолог мамандарды оқытатын бағдарламаларды қайта қарау мәселесі де бар.
Ерлан Саиров балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа бір амалдарын жасау керек деп пікір білдірді.
«Тіркеуде тұратын азаматтарға бақылауды күшейту керек. Жалпы қоғам болып қазір балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмыс жасауымыз керек және ең негізгісі – құқық қорғау органдары», — деп пікір білдірді ол.
Психикалық тұрақсыздық пен ауытқулар туралы мамандар не дейді?
Ozgeris.info тілшісі «Өркен» ұлттық ғылыми-практикалық балалардың әл-ауқатын арттыру институтының ғылыми әдістемелік бөлімінің жетекші ғылыми қызметкер міндетін атқарушы, психолог Нағашыбаева Сағым Көпбайқызымен сұқбаттасты.

Маманның айтуынша, психикалық денсаулық-бұл адамның өз қабілеттерін жүзеге асыратын, әдеттегі өмірлік күйзелістерге төтеп бере алатын, өнімді жұмыс істейтін және өз қауымдастығына үлес қоса алатын әл-ауқат жағдайы.
Біздің психологиялық, эмоционалдық және әлеуметтік әл-ауқатымыз психикалық денсаулығымызға ықпал етеді. Жалпы психикалық ауытқулар жылдың барлық 4 мезгілінде байқалады. Бір ескеретіні, көбінесе кейбір психикалық қалпы тұрақсыз адамдар арасында көктем мен күз айларында кездеседі. Адамдардың психикалық жағдайының нашарлауына әртүрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Олар биологиялық, психологиялық және әлеуметтік себептермен байланысты болуы мүмкін.
«Қоршаған ортаның сыртқы өзгерістеріне байланысты бірқатар аурулар бар. Бұл — күн сәулесінің жетіспеуі және адам организміндегі «D» витаминінің төмендеуіне байланысты болады. Кейбір психикалық қалыптың тұрақсыздануы, көктем мен күз мезгілдерінде ауытқулардың өршуінің негізгі себептері болып табылады. Психикалық нормадан тыс ауытқудың бір факторы – постковидті синдромы болғаны өздеріңізге де мәлім. 2019-2020 жылдары аты жаман ауру «Коронавирус» кезінде көптеген адамдардың денсаулықтары сыр беріп, психикалық зардап шекті. Коронавирусқа шалдыққан науқастар күйзелді, көңіл-күйлері жоғалды, үрейленіп алаңдаушылық туды, кейбір тұлғалардың психикасы сыр бере бастағаны соншалықты депрессияға ұшырағандары да болды. Иппохондрияға ұшырағандардың синдромы мазасыздық — депрессиялық ауытқу ретінде қарастырылады», — дейді психолог.
Маман психикалық жағдайдың нашарлауына бірнеше факторлар әсер етеді дейді.
Біріншісі, биологиялық факторлар: Гормоналды өзгерістер-жеткіншек кезінде денедегі гормоналды өзгерістер эмоционалды тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін. Күдіктену – егер отбасында психикалық ауру болса, баланың осындай проблемаларға тап болу ықтималдығы артады.
Генетикалық бейімділік (кейбір психикалық аурулар тұқым қуалауы), сонымен қатар – миға байланысты өзгерістердің болуы (жарақаттар, гормоналды бұзылыстар немесе нейрохимиялық теңгерімсіздік мысалы, серотонин мен допамин деңгейінің өзгеруі). Созылмалы аурулар (жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті) неврологиялық бұзылыстар психикалық денсаулыққа әсер етуі мүмкін. Сол себепті, бұл мүгедектікке әкелгендіктен мүмкін денсаулық проблемалары, аурулар немесе ұзақ мерзімді аурулар пайда болуы мүмкін.
Екіншісі, психологиялық факторлар: Өзін-өзі бағалау-өз жетістіктерін басқа адамдармен салыстыру арқылы бағалауға болады. Қорқынышпен үрей, мазасыздық тууы. Эмоционалды күйзелістер — ата-анасының ажырасуы немесе жақын адамының қайтыс болуы-баланың психикасына қатты әсер етеді. Балалық шақтағы зорлық-зомбылықтан жарақат алған және жақын адамның өлімі, махаббаттың құрбаны сияқты оқиғалар жүйке-жүйесіне әсер етуі мүмкін. Келесі бір мысал; өзіне сенімсіздік танытып, өзін төмен бағалауынан үнемі өзіне көңілі толмау эмоциялық тұрақсыздығы басым болуынан күйзеліс тудыруы мүмкін. Өзін — өзі тану-бұл кезеңде адамдар өздерінің кім екенін және болашақта қандай бағытта қозғалғысы келетінін біледі, бұл кейде шатасуға әкеледі.
Үшіншісі, әлеуметтік факторлар: Жалғыздық сезімде болуы және әлеуметтік оқшаулануы, тұрақсыз қаржылық қиындықтар (кредитке қарыздану) және жұмыссыздық стресс тудырады. Отбасылық мәселелер – ажырасу, отбасындағы қақтығыстар немесе ата-аналық жауапкершілік ауыртпалығы. Өгей шеше мен өгей әке көзқарасының жеткіншектер психологиясына кері әсер тудыруы. Кейбір адамдардың нашақорлыққа тәуелділігі мен алкогольді шамадан тыс қолдану, қанағаттанбау – бұл факторлар психикалық бұзылыстардың даму қаупін арттырады.Мектептегі қиындықтар мен сенімді қарым — қатынас. Кейде, достардың көмегін қабылдау немесе қабылдамауы да болады. Интернет және әлеуметтік желілерге тәуелділік салдарынан жеткіншектер кибербуллингке ұшырағанда жүйке-жүйесі сыр бере бастайды. Жеткіншектердегі идеалды бейнелерге деген ұмтылыс – мұның бәрі олардың психологиялық жағдайына әсер етеді.
Төртіншісі, қоршаған орта және өмір салты: Қоршаған орта-тұрақсыз әлеуметтік жағдайлар, экологиялық проблемалар, қауіпті немесе қол жетпейтін жерлерде өмір сүру — мұның бәрі психологиялық көңіл-күйдің нашарлауына әкелуі мүмкін. Ұйқының жеткіліксіздігі мидың қалыпты жұмысын бұзады. Теңгерімсіз тамақтанудың салдарынан ағзаға қажетті дәрумендер мен минералдар жетіспесе, психикалық денсаулық нашарлауы мүмкін және де физикалық белсенділіктің болмауы – қозғалыстың аз болуы көңіл-күйді төмендетеді және стрессті күшейтеді. Тұрмыстық жағдайлар-қаржылық қиындықтар, өмір сүру деңгейінің төмендігі-баланың психологиялық жағдайына теріс әсер етеді.Экологиялық жағдай-ауаның ластануы, табиғи ресурстардың сарқылуы, сапасыз су мен тамақ. Психикалық денсаулыққа қауіпті ақпараттық орта-бұл интернет-зомбилеу, жеккөрушілікті насихаттайтын мазмұн, жалған жаңалықтар. Психикалық денсаулық балалық және жастық шақтан бастап есейгенге және қартаюға дейін өмір бойы маңызды.
«Психикалық денсаулық балалық және жастық шақтан бастап есейгенге және қартаюға дейін өмір бойы маңызды», — дейді Сағым Нағашыбаева.
Бесіншісі, жаман әдеттер мен тәуелділіктер: Темекі, алкоголь, есірткі қолдану психикаға теріс әсер етіп, тәуелділікке әкелуі мүмкін. Гаджеттерге тәуелділік-әлеуметтік оқшаулану және стресс тудырады.
Психикалық денсаулық белгілері:
- Адамдағы жағымды көңіл-күй (адам толығымен демалған кезі).
- Өз қабілеттеріне деген сенімділік (егер адамның алдында нақты және нақты жұмыс мақсаты болса):
- Шабыт (шығармашылық үдерісіндегі жағдай)
Психикалық бұзылулардың психогенетикасы
Шизофрения, психикалық бұзылулардан депрессияға шалдығу және Альцгеймер ауруына шалдығу (ұмытшақтық).
Мұғалімнің денсаулығының бұзылуының психикалық себептері:
- Күйзеліске қарсы тұра алмау;
- Эмоцияларыңызды басқару дағдысының болмауы;
- Психикалық мүмкіндіктерден жиі асып кету;
- Эмоцияларды, қуаныштарды игере алмау, алынған жалақыдан емес, жалпы өмір сүру қуанышына көзқарас қалыптастыру;
- Өмірдегі сәтсіздіктерге күле алмау.
Енді психикалық денсаулықты қалай сақтауға болады? Оның шешімдері қандай?
«Психикалық аурумен күреспеу үшін оның салдарын емдеу емес, аурудың ықтимал басталуын болдырмау және алдын алу маңызды. Ата-аналармен, балалармен және мұғалімдермен ашық қарым-қатынас, дұрыс тамақтану және физикалық белсенділік, күн мен түннің тәртібін сақтау. Интернетті қауіпсіз пайдалану, зиянды мазмұннан бас тарту. Жалпы, балалардың психикалық денсаулығына жан-жақты қарау керек, сондықтан оларға қолдау көрсету маңызды. Адамның физикалық және психикалық жағдайы өзара тығыз байланысты болғандықтан, дене мен ойдың саулығын сақтаудың бірнеше қағидасы бар. Позитивті ойларға назар аудару керек. Күнделікті өмір сүрудегі жағымды жақтарына назар аудару, ризашылық білдіруді әдетке айналдыру, позитивті көзқарасты сақтауға тырысу, теріс ойлардан аулақ болу және өзгерістерді қабылдай білу», — дейді маман.
Психикалық денсаулықты жақсарту үшін не істеу керек?
«Стрессті басқару дағдыларын дамыту, дене белсенділігін арттыру, дұрыс тамақтану және жеткілікті ұйқы алу. Қиындықтарды жақындармен бөлісу, әлеуметтік қолдау табу. Қажет болған жағдайда маманнан (психологтан психологиялық кеңес алу немесе психиатр мамандардың емін қабылдау, психотерапевттерден психотерапиялық ем қабылдау», — деп кеңес берді Сағым Көпбайқызы.
Балалардың психикалық жағдайының нашарлауына әртүрлі факторлар әсер етеді. Бұл мәселені шешу үшін ата-аналардың, мұғалімдердің және жалпы қоғамның қатысуы қажет. Психологиялық тұрақтылықты сақтау үшін эмоционалды қолдау көрсету, дұрыс тәрбиелеу, денсаулыққа қамқорлық жасау және жаман әдеттердің алдын алу маңызды. Жағымды мағынасы жағынан қарағанда, психикалық денсаулық адамның әл-ауқатының және қоғамдастықтың тиімді жұмыс істеуінің негізі болып табылады.
Маман психикалық денсаулықтың бұзылу себептерін атады.
Балалардың психикалық денсаулығындағы ауытқуларға қолайсыз сыртқы факторлардың (отбасылық, құрдастарымен қарым-қатынас) жеке бейімділікпен үйлесуі
- Соматикалық аурулар (психикалық даму ақаулары).
- Қолайсыз факторлар, психикаға әсер ететін стресстер.
Отандық мамандардың пікірінше, елімізде психикалық ауытқулармен тіркелген адамдарда ең көп таралған диагноздар шизофрения, депрессия және биполярлы бұзылыс. Бұл ретте маман күйзеліске ұшыраған жандарға қатысты қорқынышты статистиканы да келтірді. 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, еліміздегі кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтік көріністер саны 5,4%-ға өскен (409-дан 431-ге дейін).
Анықтама үшін: 139 кәмелетке толмаған бала қайтыс болған (-8%, 151 болған), 292 бала (+13%, 258 болған) өзіне-өзі түрлі жарақат салған. Жеткіншектер арасындағы өлім-жітімнің жоғары болуының негізгі себептерінін бірі – мектепте балалар арасындағы әлімжетікпен құндылықтардың болмауы, әлеуметтік «мінез» стандарттарының төмендеуінен және жатсыну сезімінен болады.
Облысаралық білім басқармаларының психологиялық қолдау орталықтарының соңғы 8 ай ішіндегі статистикасы
Рет саны
№ |
Аймақтары | Аяқталған суицид | Аяқталмаған суицид | Буллинг/кибербуллинг | |
2023ж Досболайық бағдарламасы бойынша | 2024 ж | ||||
1 | Алматы қ | 9 | 23 | 31,90% | 42 |
2 | Жетісу облысы | 8 | 9 | 29,80% | 862 |
3 | Жамбыл облысы | 12 | 12 | 16,20% | 4 |
4 | Маңғыстау облысы | 7 | 2 | 16,60 % | 10+1кибер |
5 | Алматы облысы | 7 | 5 | Мәлімет берілмеді | Мәлімет берілмеді |
Қорытындылай келе, көктемде психикалық жағдайдың нашарлауы медициналық тұрғыдан түсіндірілетін құбылыс екенін байқадық. Оның себебі гормоналды өзгерістер, авитаминоз, қан айналымының ауытқуы, стресс және маусымдық депрессия болуы мүмкін. Ғалымдар бұл процесті зерттеп, күн тәртібін сақтау, дәрумендерді толықтыру және психологиялық қолдау алу арқылы бұл өзгерістерді жеңуге болатынын дәлелдеді. Мұндай кезеңдерде өзін қалай ұстау білу керектігі маңызды. Сондықтан келесідей кеңестерді ұсынады:
«Псхиатрға балаларын апармайтын ата-аналарда жалған намыс, тәкаппарлық бар. Бұл үрдістен арылу керек. Психатрға бару псих деген сөз емес. Психиатр мамандар өз шеңберінде анализ жасап, баланың қандай бұзылыстары барын анықтап, қажетті ем-домын жазып береді», — деп кеңес береді мамандар.
ПІКІР ЖАЗУ