«Бөлек тұруды жөн көрдім»: Актриса Әсел Сәдуақасова күйеуімен арада болған кикілжің туралы айтты

Белгілі актриса, кинопродюсер Әсел Сәдуақасова осындан үш ай бұрын өзінен он жас кіші жігітке тұрмысқа шықты. Араға уақыт салып, актриса күйеуі Мағжанмен арақатынасында дағдарыс басталғанын айтты.

“Алғашқы жылы ерлі-зайыптылар қиын сәттерді бастан өткізеді. Бірақ мен сондай жағдай бізде болады деп мүлдем ойламадым. Біз Қазақстанға келгенде ата-аналарымызбен танысып, той жасауға шешім қабылдап, тойға дайындық жасап қарбаласып кеттік. Мағжан көп жобадан бас ала алмай қалды. Біз бірге тұрсақ та, сирек көрісетін болдық. Ол үйде болмайтын. Түнгі сағат екі, үш, төрт, тіпті таңғы бесте келетін болды. Мен оның бұл әрекетіне қарсы екенімді айтқанда, “мен ұзақ уақыт елде болмадым, достарымды көрмедім, жұмыстамын” деп жауап беретін. Арамыз алыстап бара жатқанын сезсем де, оны түсінуге, ренжімеуге тырыстым. Біз Балиде жүргенде 3,5 ай, тәулігіне 24 сағат бірге уақыт өткіздік. Сөйтіп тойдың дайындығымен көңілімді аулайын деп кездесулер өткіздім, безендірумен, көйлек таңдаумен, шақыру билеттерімен айналыстым”, – дейді Әсел Сәдуақасова.

Актрисаның айтуынша, тойдан кейін Мағжанмен арақатынасы мүлдем нашарлай бастаған.

“Тойымыз естен кетпестей өтті. Сондай әсерлі сәттерден кейін өзіңді шаршаңқы сезінуің – заңдылық. Мағжан екеуіміздің арамыз одан сайын суып кетті. Бір-бірімізді тыңдаудан қалдық. Ол жұмыстан бас алмай кетті. Уақыт тауып кездесіп қалсақ, екеуара сөйлесіп, мәселені шешуге тырыстық, бірақ қолымыздан келмеді. Бір келісімге келгеннің өзінде берген уәдемізде тұра алмадық. Ойымдағыны жеткізе алмағандықтан, мен жанжал шығарып, жылап қалатын болдым. Кейін мұның бұлай жалғаса бермейтінін түсіндім. Соны біле тұра ештеңе істемедім, бәріне төзіп, ренішім мен ашуымды ішімде сақтадым. Бұл маған және менің ішкі күйіме кері әсер ете бастады. Күні-бойы қайғырып, оған қоса “не нәрсені дұрыс айтпадым, мүмкін, нашар әйел шығармын, мүмкін, мен оны түсіне алмайтын шығармын” деп қателікті өзімнен іздей бастадым. Мен ұзақ жылдар бойы өзіммен жұмыс істедім. Бұл жағдайға да тереңінен үңілуге бел байладым. Бірақ мен анамнан, құрбыларымнан кеңес сұрамадым. Бұл мәселені шешу үшін ересек адамша психолог маманның көмегіне жүгіндім”, – деп жазды Әсел.

Сөйтіп ол бітпейтін түсініспеушіліктердің соңына нүкте қоюға бел байлаған.

“Мағжанды мейрамханаға кездесуге шақырдым. Әңгіме барысында оған бір-бірімізді түсініп, қарым-қатынасымызды сақтап қалу үшін бөлек тұру туралы шешім қабылдағанымды айттым. Бұл – ажырасу емес, біз мәжбүрлі түрде осындай шешім қабылдадық. Қазір көптеген ерлі-зайыптылар жағдайды ушықтырып алмас үшін ажырасып кетіп жатыр. Психологтар, керісінше, бір келісімге келу үшін оларға уақытша бөлек тұруға кеңес береді. Статистикаға сүйенсек, бұл жағдайдың 90%-да неке сақталады. Мен бұл әрекетіммен оны қорқытқым келген жоқ. Керісінше, мұндай шешім қабылдау маған қиынға соқты. Ол мені үнсіз тыңдады да, кешке тағы сөйлесуді ұсынды. Кешке біз еш ренішсіз ашық сөйлестік. Әркім өз қорқынышы туралы, көңілінен шықпайтын дүниелер жайлы айтты. Көп дүниелер туралы айтпай, үнсіз жүргенімді білгенде Мағжан қатты таңғалды. Алдағы уақытта бұлай жасамауымды өтінді. Екеуіміз ережелер мен қағидаларымыздың тізімін жасап, уақыт өте келе оны жаңартып тұруды шештік. Және біздің қолымыздан келетініне көзіміз жетті”, – деп тәжірибесімен бөлісті актриса.