Астана маңында 14 жастағы қыз асылып өлді

Астана маңындағы ауылда 14 жастағы жасөспірім көз жұмды, деп хабарлайды ozgeris.info.

Әлеуметтік желіде Астана маңындағы Жібек жолы ауылында жасөспірім қыздың асылып қалғаны туралы ақпарат тараған еді. Ақмола облыстық полиция департаменті оны растады.

1 қазанда Аршалы аудандық полиция бөліміне Астана қаласының тұрғынынан өзінің Жібек жолы ауылындағы үйінің гаражында 2010 жылы туған немере қарындасының өз-өзіне қол жұмсағаны туралы хабарлама түсті. Полиция департаменті бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады, – делінген полиция хабарламасында.

Полиция іске қатысты басқа ақпараттардың тергеу мүддесіне байланысты жариялауға жатпайтынын атап өтті.

Еске сала кетсек, Астана қаласының полициясы балалардың қауіпсіздігі үшін тұрғын үй кешендері мен үйлердің шатырларына кіретін есіктердің жабылатынын мәлімдеді. өйткені бұған дейін Астанадағы «Мирас» тұрғын үй кешенінің шатырында жүрген 7 жасөспірім видеоға түсірілген еді. Әлеуметтік желі қолданушылары оларды «суицидтік квест» ойнап жүр деп күдіктенген. Алайда полиция ол ақпаратты жоққа шығарды. Өйткені олар балалардың телефондарын ата-анасының көзінше тексерген. Сондай-ақ ата-аналар балаларына дұрыс қарамағаны үшін жауапкершілікке тартылған.