Желіде Алматыдағы ірі жол апатының видеосы тарады

Алматыда жүк көлігі жоғары жылдамдықта жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, бірнеше көлікті соққан сәтінің видеосы интернетте тарай бастады. Полиция тергеуге кірісті, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы. 

Жол апаты фактісін Бостандық ауданы полиция басқармасының қызметкерлері тіркеп, өндіріске алды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.

«Алдын ала болжам бойынша жол апаты көліктің техникалық ақауынан болған. Жеке тасымалдау қызметін көрсететін жүк көлігінің жүргізушісі К.-нің айтуынша, жүк көлігінің тежегіші істен шыққан. Объективті мән-жайлар анықталып жатыр», — деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Жүк машинасы 4 жеңіл көлікті соқты. Медициналық көмекке 6 адам жүгінген, оның ішінде ауыр жүк көлігінің жүргізушісі де бар.

Еске салсақ, 21 тамыз күні Алматының Әл-Фараби даңғылында ірі жол апаты болды.