Медиациялық көмек алғысы келетіндердің қарасы көбейген

Қазақстанда медиацияның дамуы үш кезеңнен өтті. Бірінші кезең 2011-2013 жылдар аралығы. Бұл аралықта медиация құқықтық тұрғыдан бекітіліп, кәсіби мамандар дайындалып, медиаторлар ұйымдары құрыла бастады. 2013 жылдың соңында мұндай ұйымдардың саны 27-ге жетеді. Екінші кезең 2014-2017 жылдар аралығын қамтиды. Қазақстан халқы Ассамблеясының ішінен медиация кабинеттері ашылып, медиацияның дамуы жаңа сатыға көтерілді. Үшінші кезең 2017 жылдан бастап осы кезге дейін созылып жатын. Бұл кезеңде әртүрлі категориядағы дау-дамайларды реттейтін мамандар тобы қалыптасты. Жер дауы, отбасы жанжалы, банк пен қарыз алушы арасындағы келіспеушілік және т.б. бойынша кәсіби мамандар елімізде осы күні қызмет етіп жүр.

Жыл өткен сайын елімізде медиативтік көмекке жүгінетіндердің саны артып келеді. Дау-дамай мен жанжалды сотқа дейін жеткізбей шешетіндердің қарасы көбейген. Мұның себебі неде? Біріншіден, сот үкімі мәжбүрлі түрде орындалса, медиацияда екі жақ ерікті түрде келісімге келеді. Екіншіден, сот процесінде судья жоғарыдан тағайындалады, ал медиацияда медиаторды екі тарап бірге таңдайды. Үшіншіден, сот процесінде судья заңға сүйене отырып шешім қабылдаса, медиатор екі тараптың көзқарасын есепке ала отырып шешім қабылдайды. Төртіншіден, сот шешімі жария түрде қабылдануы мүмкін, ал медиацияда шешім өзара құпия түрде қабылданады. Медиациялық шешімнің куәгерлеріне келісім туралы тіс жаруға рұқсат етілмейді. Бесіншіден, сот шешімі тараптардың бірінің ғана талабын қанағаттандырса, медиатор шешімі екі тараптың да талабын қанағаттандырады. Мамандардың сөзінше Қазақстандағы дау-дамайлардың 90%-ы сотқа дейінгі бітіммен аяқталады.

Медиацияның өміршеңдігін ескере отырып, Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы   медиация институтын дәріптеу және дауларды шешуге арналған жобаны қолға алып, бірқатар іс-шараларды өтуіне мұрындық болды. Іс-шараларды Social project management орталығы іске асырды.

Атап айтқанда жоба аясында қаладағы аудан әкімдіктері жанынан медиативтік көмектер ұйымдастырылып келеді. Оған білікті медиатор мамандар тартылды. Жоғарғы оқу орындары мен колледждерде медиацияға арналған арнайы лекциялар өтіп жатыр. Сегіз ауданның әкімдігінде әртүрлі саланың мамандарына арналған медиативтік семинарлар ұйымдастырылып, қатысушыларға сертификаттар табыс етілді. Медиация туралы бейнеролик әзірленіп, ол жергілікті телеарна мен әлеуметтік желілерде жарияланады. Сонымен қатар «жедел желі» жұмыс істеп келеді. Жыл соңына таман жоба туралы қорытынды конференция өткізу жоспарланып отыр.

«Қазақстан медиаторлары қауымдастығының» директоры Жанділда Жақыповтың айтуынша жыл сайын медиаторлардың көмегімен шешіліп жатқан істердің көлемі өсіп жатыр. Осы орталықтың медиаторлары 2017 жылы 2 мың, 2018 жылы 3 мың, 2019 жылы 4 мың дау-дамайды реттеген. Мамандар 2019 жылы 1 миллиард теңгенің медиациялық жұмыстарын қарапты.