Медиациялық көмекке жүгіну – өмір талабы

Алматы қаласындағы сегіз ауданда қалалық Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Дау-дамайды реттеуге арналған медиативтік құзіреттілік» атты семинарлар сериясы өтті. Оны Қазақстан медиаторлар қауымдастығының төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет істері академиясының лекторы Жанділда Жақыпов жүргізді. Семинарға татуластырушы судьялар, сот мамандары, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының, АХАЖ қызметкерлері, мектеп директорлары мен меңгерушілері, медициналық мекемелердің басшылары мен қызметкерлері, прокуратура, Полиция департаменті қызметкерлері қатысты.

Медиатор-коучер Ж.Жақыповтың айтуынша тұрғындар үшін медаиторлардың қызметіне жүгіну осы күні әлдеқайда тиімді. «Қазақстанда дауды шешу үшін қайда жүгіну керек? Көпшіліктің ойына келетін жауап – сот. Бірақ елде кейбір дауларды соттан тыс шешуге болады. Ондай жолдардың бірі – медиация. Медиацияда тараптар дауды өзара келісіп шешеді. Ортақ шешімге келуге судья емес, медиатор көмектеседі. Келісімге келсе, тараптар өзара жазбаша келісім шартын жасайды. Ол медиация туралы шарт деп аталады», – дейді ол.

Қазақстанда медиация туралы заң 2011 жылы қабылданды. Мақсаты – сот жүйесіне түсетін ауыртпалықты азайту.

Медиация рәсімі сотқа жүгінуге қарағанда оңай. Сотқа жүгіну үшін тұлға талап арыз жазып, мемлекеттік бажды төлеуі қажет. Сот талап-арызды қабылдағаннан кейін, тұлға бірнеше ай сот отырысын күтеді. Сотқа жүгіну үшін заңгерге барады, қызметі үшін ақша төлейді. Ал медиацияда тараптар медиаторлар тізімінен қажет маманды таңдап, егер ақылы болса еңбек ақысын өзара бөліп төлейді.

Сотта даудың жүру ұзақтығы сотқа байланысты болса, медиацияда ол тек тараптарға байланысты болады. Олар тіпті бір күннің ішінде мәмілеге келе алады.

Жергілікті емханада бөлім басшысы болып қызмет атқаратын Анар Бейсенқызы да семинарға қатысты. Ол медиацияның шекарасы кең екенін, барлық маман иелері осы мамандықты да қоса игергісі келетінін айтады. «Медаицияға кез келген уақытта, аяқ асты сәттерде қажеттілік туындайды. Істі насырға шапқызбай, сотқа дейін жеткізбеу шешуге тараптар да мүдделі. Уақытты ғана емес, қаржыны да үнемдейді. Тараптардың да өкпе-реніші тарқайды» деді ол.

Айта кетейік, семинарлардың Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының «Медиация институтын дәріптеу және дауларды шешу бойынша іс-шаралар кешенін өткізуге бағытталған жобасы» аясында «Social project management» орталығы ұйымдастырды.