Гүл дүкеніндегі жағдай: полиция қызметкерлеріне қатысты тергеу басталды

Өзіндік қауіпсіздік департаменті бұрынғы учаскелік инспектор Мұхтар Бековтің «ROMANTIC» гүл салоны мен «Eldorado» ресто-барының жұмысшыларына қатысты жасаған заңсыз әрекеттеріне байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында таралған мәліметтерді тексерді, деп хабарлайды«Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы.

ІІМ мәліметінше, Бековке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабының 2-бөлігі «Тонау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Шымкент қаласы полиция департаменті қызметкерлерінің іс-әрекеттерінің заңдылығын Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 371-бабының 1-бөлігі «Салғырттық» бойынша басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында өзіндік қауіпсіздік бөлімшесі тексеретін болады.

Ведомство екі қылмыстық іс бойынша жүргізіліп жатқан тергеудің объективтілігі мен жан-жақтылығын қамтамасыз ететін болады», — делінген ресми мәлімдемеде.