Шымкентте егде жастағы әйел мас күйінде көпірден секіріп кетті

Полиция қызметкерлері суға батып бара жатқан азаматшаны құтқарып қалды.

Көпірден өзенге секірген әйелді кездейсоқ куәгер байқап қалған. Содан бірден полицияға хабар берген. Оқиға орнына жедел жеткен патрульдік автоэкипаж мүшелері бірден құтқару жұмыстарын жүргізді.

Инспектор Нұрислам Құдайберген суға батып бара жатқан әйелді құтқару үшін суға түсті. Жағаға алып шығып, әріптестерінің көмегімен қауіпсіз жерге көтеріп шығарды.

«Бізде ойлануға уақыт болған жоқ. Азаматшаны көріп, мен бірден оны алып шығуға асықтым. Тіпті, судың қаншалықты салқын екенін сезбеппін. Әлбетте, әйелді жағаға шығару әріптестерімнің көмегінсіз мүмкін болмас еді. Өзім туралы, әрине, соңынан ойладым. Бұл батырлық емес, бұл менің міндетім. Өйткені, адам өмірін құтқару тәуекел етуге тұрарлық сауапты іс», — деді Нұрислам Құдайберген.

Қуанышқа орай, азаматша зардап шеккен жоқ. Полиция қызметкерлері оны дәрігерлерге тапсырды. Егде жастағы әйелдің мұндай қадамға  мас күйінде барғаны белгілі болды.