Түркі әлемінің Мұстафасы туған жерінде жетімсіреп тұр

Бүкіл түркі әлемінің тарихи тұлғасына айналған біртуар азамат Мұстафа Шоқайдың Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы ескерткіші әлі елеусіз тұр. Әлі дейтініміз, өйткені, бұл мүсін 2020 жылдан бері қайраткердің ұрпағы Еркінбай Ерғалиевтің үйінде. Ол мүсінді мектеп қазандығында шаң басып жатқан күйінде үйіне әкеліп алған. 

Ал Шиелі ауданына қарасты 1 мамыр ауылындағы “Мұстафа Шоқай аллеясына” алаш қайраткерінің ескерткіші қойылмаған. Мүсінге арналған орын бар болғанымен, ескерткіш жоқ. Бұл туралы ақын, зерттеуші Қасымхан Бегманов Facebook парақшасында “Райсаның жанайқайы немесе Шоқайдың мүсіні неге далада қалды?” деген тақырыпта жазба қалдырды. Бұл жазба көптің талқысына түсіп те үлгерді.

ҰРПАҚ ЖАНАЙҚАЙЫ

Айта кетейік, Раиса Даниярқызы — Мұстафа Шоқайдың туған бауыры Сыздық Шоқайұлының Ерғали атты ұлынан туған Даниярдың қызы.

«Раисаның жанайқайы түн ұйқымды төрт бөлді. Бүгінде қолынан келіп, қонышынан басқан кейбір шенеуніктер мен «байлар» елге «белгісіз» жақын туыстарына қалаған «жеріне» ескерткіштер қойғанын да ел біледі. Халықты шулатып қазақтың төріне Битлз, Александр Невский сияқтылардың ескерткіштерін орнатып жатқанда бүкілтүркі дүниесінің ардақтысы, сол жолда халықтың жыртысын жыртып, жанын қиған, Мұстафа Шоқай мен Алаш ардақтыларын еске алып, ескерткіштерін орнатуға келгенде неге кежегеміз кейін тартып, қарсылыққа тап боламыз?

Қызылорда қаласындағы Мұстафа Шоқай атындағы мектеп алдында тұрған ұлы тұлғаның бюсті алынып, күресінге тасталған соң ойын балалары ескерткіштің құлағын кесіп құнтитып, мұрнын бұзып шұнтитқанын көрген жанашыр жандар мектептің от жағатын, шаң басқан қазандықтың бір бұрышына әкеліп қоя салған.

Cол жерде бюсттің  шаң басып жатқанын көрген иманжүзді азамат, Шоқай ұрпақтарын іздестіріп, хабар айтқан. “Жалма-жан бабамның бюсті жатқан мектеп қазандығына барып, бірден видео-суретке түсіріп алдым. «Әлеуметтік желіге саламын»- деген жанайқайымды естіген жұмысшы: «Апатай, желіге салмаңызшы, өтініш, мен жұмыстан айырылып қаламын. Ең болмаса ұрпақтары, жақын туыстары бар ма екен деп іздеген мен едім. Енді бұл бюстті үйлеріңізге алып кетіңіздер»-, депті.

Кезінде 60 миллион қаржыға салынған Мұстафа Шоқай аллеясы да бүгінде тоз-тозы шығып, қараусыз қалған.

Шоқай әулетінің М.Шоқай қорын басқарған марқұм Базарбай Атабаев ақсақалға да өкпелері қара қазандай. Кезінде Қызылорда облысының әкімі болған Г.Әбдіхалықова ханымға да көңілдері қалғанын айтып отырады. Өңір басшылары, Шоқай әулетінің бүгінгі жоқтаушысы Раиса Даниярқызын арнайы қабылдап, жанайқайын тыңдауларыңызды өтінемін!”, деп талап-арызын да жаза кетті.

“Адырна” тілшісі жазба кейіпкері Раиса Даниярқызымен сөйлесіп, бюстің неге елеусіз тұрғанын сұрады.

Раиса Даниярқызының айтуынша, баба мүсіні үш жыл өтсе де әлі інісінің үйінде. Содан бері ауданға да, облысқа да жолыққан. Жағымды хабар жоқ.

“Бабамның мүсінін алғаш көргенде қор болғаннан, жылап жібере жаздадым. Ауылдың әкімі мен інім мүсінге реставрация жасап, қалыпқа келтірді. Кейін ауылда Мұстафа Шоқай атына аллея салынады дегенде төбеміз көкке жетті. Қолымыздағы мүсінді сонда қойдық, 3-4 күн өткеннен кейін “алып тастаңдар” деді. Ол кезде облыс әкімі Әбдіхалықова болатын. Оған дейін бардық, бірақ құлақ асқандар табылмады.

Мұстафа Шоқайдың мүсіні інімнің үйінде әлі тұр. Аллеяға да басқа мүсін орнатпады. Шиеліде бұл мәселе әлі шешілмей жатыр. Аллея да әлі бітпеген, лентасы қиылмады. Міне, үш жыл өтті ғой. Аудан да қозғалып жатыр, бірақ онда не шешіп жатқандары әлі белгісіз. Ең болмағанда “аллеяны бітіріп беріңіздерші, әрі қарай өзіміз гүлін өсіріп, талын егіп, қарап отырамыз” дедім. Інім облысқа да, ауданға да кірді. Бірақ бәрінен тауы шағылып қалды. Менің қынжылатыным, бір ғана менің бабам емес, алты Алашқа тәуелсіздік алып беру үшін күрескен бабамыздың елеусіз қалып отырғаны жүрегіме қатты батады”, — деді Раиса Даниярқызы.

Фотода Мұстафа Шоқайдың ұрпағы Еркінбай Ерғалиев

Бұл туралы Сұлутөбе ауылдық округінің әкімі Гәжденбек Маматовқа да сауал қойдық. Әкімнің айтуынша, бұл мәселені шешуге қауқары жетпейді.

“Аллея салудағы жобада мүсін қою жазылмаған. Ал оны қою мемлекеттік комиссияның шешімімен ғана қойылады. Мен оны шешпеймін”, деп жауап берді.

«ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНАН АЛҒАН ЕНШІҢ ОСЫ МА ЕДІ?!»

Бұл Мұстафа Шоқайдың елеусіз қалған жалғыз мүсіні емес. Туған жері Наршоқыда түркі әлемінің ортақ тұлғасына қойылған белгі бар. Оны Раиса Даниярқызы көзімен көріп, қынжылғанын жасырмады.

“Мұстафа Шоқайдың туған жері Наршоқыда қайраткерге қойылған белгі бар. Өткенде оны көріп, жылағым келді. Қынжылдым. “Бүкіл түркі әлемінің басын қосам деп жүріп, қазақ даласынан алған еншің осы ма еді?” дегім келді. Қарап отырсаң өте ұят нәрсе”, деді Раиса Ерғалева.

Мұстафа Шоқайдың халық жадында ұмытылмай, мүсіні тапталмасы үшін ат салысып жүргендердің бірі — тектанушы Гүлбаршын Қыпшаққызы. Ол Мұстафа Шоқайдың туған атасы Торғайдың Әжібай деген інісінің шөпшегі. Бабасы үшін барын салып, Наршоқыдағы белгінің орнына ескерткіш орнатпақ.

“Бұйырса, күзде жолдасым екеуміз туған жері  Наршоқыға барып, Мұстафа Шоқайға ескерткіш орнатпақпыз. Өткенде барып, құран оқытып, әкімдермен келісіп, ескерткіш орнатуға жоспарын жасап кеттік. Бізге үкіметтен қолдау, елеу, қаржылай көмек болған жоқ. Сондықтан өзіміздің мойнымызға алып отырмыз. Ескерткішті қоятын орынды белгілеп те кеттік. Сол кезде аудан әкімдері бізбен жүрді. Олардың ықыластары жақсы. Бірақ жоғарыдан қолдау болмай отырған сияқты”, — деді Гүлбаршын Қыпшаққызы.

Гүлбаршынның айтуынша, профессор, мұстафатанушы, саяси ғылымдар докторы Әбдіжәлел Бәкір де бастан-аяқ осы іс үшін ат салып жүр. Наршоқыдағы екі бетон орнатып, қоя салған белгінің орнына үлкен ескерткіш қою Әбдіжәлел Бәкірдің арманы болған екен.

Фотода Гүлбаршын Қыпшаққызы мен Әбдіжәлел Бәкір

“Қызылорда қаласында Училищная деген көшедегі Мұстафа Шоқай оқыған училищенің ғимаратына Әбдіжәлел Бәкір ағай тақтайша орнатқан екен, соны осы жазда арнайы барып, көріп қайттық.

Одан бөлек, сол жерде Мұстафа Шоқайдың үлкен ескерткіші бар. Бірақ, ыңғайсыз бұрышта тұр. Әбдіжәлел ағам соған қынжылып, көзімнің тірісінде қаланың қақ төріне қойып кетсем дейді. Соны орталыққа орналастыру үшін хат та жазды. Бізді ешкім тыңдап жатқан жоқ, бірақ, біз жүгіре береміз”, деп сөзін аяқтады Гүлбаршын Қыпшаққызы.

Дана Нұрмұханбет

“Адырна” ұлттық порталы