Петропавлда 63 жастағы ер адам кішкентай қыздарға тиісіп, әурет жерін көрсеткен

Петропавлда 63 жастағы азамат аулада ойнап жүрген кішкентай қыздарға тиісіп, шалбарын шешіп, әуретті жерін көрсеткен. Бұл туралы «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы хабарлайды.

Қазір ер адамға қатысты ҚР Қылмыстық Кодексiнің 124-бабы 1-ші бөлігі (Жас балаларды азғындық жолға түсіру) бойынша іс қозғалған.

Бұл оқиға жаздың басында, нақтырақ айтсақ, маусымның 1-і күні Петропавлдағы аулалардың бірінде орын алған. Ер адам он жасар екі қыздың жанына келіп, тиісе бастаған. Кейін шалбарын шешіп, әуретті жерін көрсеткен. Қыздар қашып кетуге тырысқанымен, азамат соңдарынан қалмаған.

“Тек менің аулаға шыққанымды көрген соң ғана ол қыздардың соңынан жүруін қойып қаша жөнелді. Біз маусымның 2-сі күні полицияға барып, арыз жаздық. Олар күдіктіні тез ұстады. Бірақ кейін босатып жіберген”, – дейді зардап шеккен қыздардың бірінің анасы.

Соңғы рет қыздардың аналары тергеушімен маусымның 17-сі сөйлескен, кейін істің қалай жүріп жатқандығынан олар хабарсыз болып қалған. Ал жуырда дәлелдің жоқтығынан іс жабылған. Осыдан кейін балалардың ата-аналары журналистерге және НеМолчиkz. қоғамдық қорына жүгінген. Енді міне, екі айға жуық уақыт өткенде ғана іс қайтадан қозғалып отыр.

“Бұл факт Петропавл қаласы полиция басқармасының бірінші полиция бөлімінің ақпаратты есепке алу кітабында тіркелген. Ер адамның жеке басы анықталды. Ол бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған, психо және наркологиялық есепте тұрмаған 63 жастағы азамат болып шықты. 25 шілдеде бұл факт ҚР ҚК 124-бабының 1-бөлігі бойынша «Жас балаларды азғындық жолға түсіру » бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайларын зерттеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады”, — делінген облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.

Егер азаматтың кінәсі делелденсе, ол жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.