«Әкең кім деп сұрамайды»: министр Даниал Ахметовтің мемлекеттен субсидия алған қызы жайлы

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Даниал Ахметовтің қызы Павлодар облысында субсидия алған неге жалғыз жеке кәсіпкер екенін түсіндірді, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы.

«Бізде мемлекеттік аграрлық жүйеде 51 мың нысан тіркелген. Олардың барлығы ауыл шаруашылығы тауарларын өндіріп жатыр. Фермерлер өңдеп жүрген жерін, мал басын көрсетеді. Бұл ретте олардан «Әкең немесе анаң кім, өзің кімсің?» деп ешкім сұрамайды. Жүйе объективті түрде қарап, тиісті негіз болса, қаражат аударады. Ақша болмаса, кезекке тұрады. Осының бәрі жүйеге енгізілді. Біз қазірдің өзінде 120 миллиард субсидия бөлдік, он мыңдаған адам субсидия алды. Министр ретінде біздің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді бөліп-жармаймын, яғни олардың туыстарының беделіне немесе дәулетіне қарамаймын. Ең бастысы, бізде заң мен ереже бар. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз», — деді ол.