Ұлыбритания және Қазақстан университеттері серіктестік қарым-қатынас орнатып жатыр

Maqsut Narikbayev University-де Ұлыбритания және Қазақстан университеттерінің әріптестік форумы өтті, онда екі елдің жоғары білім саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.

Ғылым және Жоғары білім беру министрі Саясат Нұрбек Орталық Азия елдерінің білім беру кеңістігін біріктіру үшін Түркістан декларациясы нәтижесінде құрылған CAHEA тұрақты бюросының жоспары мен жұмысы туралы айтты. Сондай-ақ 2023-2029 жылдарға аймақтық академиялық ұтқырлық орталығын құру жоспарларымен және орындалуымен бөлісті.

«2029 жылға дейін жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жоспарында 12 филиал ашу көзделген. Жоспарға қос дипломдар, бірлескен ғылыми бағдарламалар, профессорлық-оқытушылар құрамын дамыту, бірлескен және бөлек магистратура мен докторантура бағдарламалары кіреді. Сонымен қатар біз Орталық Азиядағы жоғары білім кеңістігінде тұрақты жұмыс істейтін аймақтық бюро құру, Қазақ университеттерінің өңірде филиалдарын ашуды және СAHEA ректорлар кеңесімен ынтымақтасуды көздеп отырмыз», — деді министр.

Maqsut Narikbayev University Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев өз сөзінде бұл форум университеттер үшін білім алмасуға, ынтымақтастыққа жәрдемдесуге және академиялық қоғамдастық ішінде маңызды байланыстар орнатуға бірегей мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Халықаралық ынтымақтастық арқылы біз студенттеріміздің оқу тәжірибесін жетілдіреміз, олардың академиялық көкжиегін кеңейтіп, өзара байланысты әлемде өркендеуге мүмкіндік беретін жаһандық ойлауды дамытамыз. Бүгінгі таңда біздің мақсатымыз — инновациялық тәсілдерді зерттеу, озық тәжірибелермен бөлісу және университеттеріміз тиімді ынтымақтаса алатын салаларды анықтау. Біз студенттермен алмасу, бірлескен зерттеу жобалары, профессор-оқытушылар құрамын дамыту және тағы да басқа мүмкіндіктерді жасауға тырысатын боламыз», — деді Талғат Нәрікбаев.

Сондай-ақ MNU Басқарма Төрағасы осы платформаны диалог пен берік серіктестік орнатуға арналған кеңістік ретінде пайдалануды ұсынды.

Форумға Ұлыбританияның оқу орындары Birmingham University, Birmingham City University,   University of Wolverhampton, Swansea University, University of South Wales, University of Lincoln, және де Really English ұйымының өкілі Nigel Killick қатысты.