Қауымдастықтарға негізделген туризм: ауылдық туризмді қалай дамытуға болады?

Туризм индустриясы соңғы бірнеше жылда қарқынды дамып келеді. Ең танымал бағыттар әлі де ірі қалалар болып қала береді, ал пайданың көпшілігі ірі бизнестерге кетіп жатыр. Бірақ бүгінде мұндай дамудың балама жолы бар, ол – қоғамдастықтарға негізделген туризм, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.

Қоғамдастықтарға негізделген туризм (ҚНТ) немесе community based tourism (CBT) – бұл жергілікті қауымдастықтарды туристік қызметке тартуға тырысатын, сонымен қатар саяхатшыларға жергілікті қауымдастықтардың өмірімен танысуға мүмкіндік беретін тұрақты туризмнің бір түрі. Бұл жерде қоғамдастықтар дегеніміз – ірі қалалармен салыстырғанда экономикалық жағынан кем дамыған ауылдық қоныстар. ҚНТ қоғамдастық мүшелеріне қонақтарға туристік қызметтер мен тауарлар ұсына алуына және осылайша олардың экономикалық тұрақтылығын арттырып, қоғамдастықтың дамуына үлес қосуына бағытталған. ҚНТ мысалдары – туристер жергілікті өндірілген өнімдерді сатып ала алатын аймақтарда қонақ үйлердің немесе эколоджалардың ашылуы.

Туризмнің бұл бағытымен Орталық Азияның Еуразия Қоры «Шеврон» компаниясымен серіктестікте іске асыратын «Байтақ жер» жобасы айналысады. Жобаның негізгі мақсаты – туризм саласында жұмыс істейтін шағын және орта бизнестің ауылдық кәсіпкерлерін қолдау. Бұл жоба 2022 жылдың күзінде жұмысын бастады және қазір Ақмола облысының 3 ауданында – Зеренді, Сандықтау және Қорғалжын аудандарында жұмыс істеуде. Байтақ жер арқасында 20 кәсіпкер инкубациялық бағдарламаға қатысып, эко- және этнотуризм негіздерін, қаржылық және жобалық жоспарлау мен брендтің танымалдығын арттыруды үйренді. 6 қатысушыға өз бизнестерін одан әрі дамыту үшін қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, жоба студенттерді тағылымдамадан өту орындарымен қамтамасыз етеді, аудандарды картаға түсірумен және балама туристік маршруттардың танымалдылығын өсірумен айналысады. Барлық мәліметтер жобаның Instagram парақшасында.

ҚНТ-ді тиісті түрде дамытса, ол қоғамдастықтар үшін де, оларда тұратын адамдар үшін де көптеген артықшылықтарға ие блола алады.

Біріншіден, мұндай туризм тұрғындардың өз ауылдарының өмірін жақсартуға қатысты мәселелердің шешімдерін іздеуге және жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ол қоғамдастықты біріктіруге және пікірлес адамдарды біріктіруге көмектеседі. Сонымен қатар, бұл сырттан келетін шешімдерге қарағанда әлдеқайда тиімді, өйткені жергілікті халық аймақ ерекшеліктерін неғұрлым жақсы біледі.

Екіншіден, ҚНТ экономикалық өркендеуге және ауылдық жерлердің дамуына ықпал етеді. Бүгінде қалалардан тыс жерде демалуға сұраныс бар, ал ауылдарда ұсынары көп. Қоғамдастықтарды туризмге бағдарлау инфрақұрылымды жақсартады және өңірлердің туристер үшін тартымдылығын арттырады, ал өз ісін ашу ауыл тұрғындарына табысын арттыруға және туған өлкесін орнықты және тәуелсіз етуге көмектеседі.

Үшіншіден, қоғамдастыққа негізделген туризм танымал туристік бағыттардан рекреациялық жүктемені азайтады және экологияға келтірілген зиянды азайтады. Туристер қонақ үйлерде тұрады, мұнда бір реттік заттар отельдерге қарағанда аз мөлшерде қолданылады. Сондай-ақ, ауылдарда жергілікті өнімдерді сатып алуға болады, олардың өндірілуі мен жеткізілуі импорттық элементтермен салыстырғанда экологиялық жағынан зияны анағұрлым аз.

Қазақстан аумағында ҚНТ-ді дамыту және танымал етумен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы айналысады.

«Kazakh Tourism құрылған сәттен бастап жергілікті қоғамдастықтарға негізделген туризмге ерекше назар аударады. Біз туризмнің осы бағытын дамытудың маңыздылығын түсінеміз, өйткені туризмді дамыту әлеуеті бар ауылдық жерлердегі қоғамдастықтардың қызметі өмір сүру деңгейін арттыруға, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, өңірлердегі халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Бүгінгі таңда қонақ үйлерді ашу бойынша трениңтермен Қазақстанның 10 өңіріндегі 51 елді мекенде 496 тұрғын қамтылған. Қоғамдастықтар мен қонақ үйлердің саны өсуде: 2021 жылғы ақпаратқа сәйкес 183 қонақ үй және 24 қоғамдастық жұмыс істеуде және бұл көрсеткіш жылдан жылға өсетініне сенімдіміз», – деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарушы директоры Даниел Сержанұлы.

Қоғамдастықтарға негізделген туризм қоғамдастықтардың өздері үшін ғана емес, сонымен қатар туристер үшін қызықты және ерекше тәжірибе болып табылады. Осындай қоғамдастықтардың бірінде тұрып, жергілікті тұрғындардың дәстүрлерімен, мәдениетімен және өмір салтымен жақынырақ танысуға болады, демалысты шулы қалалардан алыс өткізуге және аймақтардағы өмір сапасын жақсартуға үлес қосуға болады.

«Байтақ жер» жобасын Орталық Азияның Еуразия Қоры (ОАЕҚ) «Шеврон» компаниясымен серіктестікте әзірледі.

 ОАЕҚ – 2005 жылы аймақта құрылған үкіметтік емес ұйым. ОАЕҚ жергілікті қауымдастықтарды нығайту мен азаматтық және экономикалық әл-ауқатты жақсарту арқылы азаматттардың өз болашағын құруда белсенді қатысуға көмектесу үшін қоғамдық және жеке ресурстарды жұмылдырады.

 «Шеврон» – дүниежүзіндегі жетекші интеграцияланған энергетикалық компаниялардың бірі. Біз адамзат прогресі үшін қолжетімді, сенімді және таза энергия қажет деп санаймыз. «Шеврон» мұнай мен табиғи газ шығарады, транспорттық отын, жанар-жағармай және мұнайхимия өндіреді, бизнес пен саланы жетілдіретін технологияларды дамытады. Біздің мақсатымыз мұнай-газ саласындағы біздің дәстүрлі бизнес бағытымызды дамыту, қызметіміздегі көміртек шығарындыларын азайту және жаңартылатын отын түрлері, сутек, көміртекті ұстап қалу, офсеттер мен басқа да инновациялық технологияларды пайдалану сияқты төмен көміртекті бизнес бағыттарын дамыту. «Шеврон» туралы қосымша ақпаратты www.chevron.com сайтынан табуға болады.