Қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу – көңіл көншітерлік дәрежеде емес

Бүгін 31 мамыр күні Қазақстанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының еске алу күні. Осы тақырыпқа байланысты біз жоғары оқу орындарында оқытушы профессорларды әңгімеге тартып көрдік.

Алма Сайлауқызы — PhD ғылым докторы, Maqsut Narikbayev University университетінің Adjunct Assistant профессоры сұрақтарға жауап берді.

Қазіргі Қазақстандағы журналистиканың жағдайын қалай бағалайсыз? Жастар тарапынан журналистикаға, жаңалықтарға деген қызығушылық немесе сұраныс байқалады ма? 

Қазақстандағы журналистикаға біржақты баға беру қиын деп ойлаймын. Бір жағынан алғанда, ақпараттық заманда журналистика да үздіксіз дамып жатқан секілді, өйткені әлемдегі жаңа технология дүмпуі бізге де көп ұзамай келіп жатады. Жаңа техникалық мүмкіндік, жаңа формат, аудиторияны еліктірудің тың әдістері – бұларды қолдану бойынша көштен қалып жатқанымыз жоқ. Әсіресе, жастардың қызығушылығы зор, медиаға байланысты жаңа қызметтер, жаңа мамандықтар шығып жатыр. Алайда журналистика принциптерінің әлемдік стандартын ұстанған бейтарап, салқынқанды, ой-өрісті шыңдайтын сараптамалық журналистикамыз әлі де гипоксияның күйін кешіп жатыр. Тәуелсіз, еркін журналистиканың дамуына әлі де көп кедергі бар, тым еркін айтқандарды қудалайтын жағдайларға да куәміз. Ал «демократияның арсылдаған адал иті» функциясын атқаруы тиіс баспасөзімізді мемлекеттік тапсырыспен «еліктіруді» доғарып, еркін ағымға, нағыз қызметін атқаруға жіберер болсақ, ол жердегі дилетанттар қатары азайып, кәсіби журналистиканың жауапкершілігі артып,  қоғам сана-сезімінің дамуына, ел игілігіне қызмет етіп, халыққа сапалы ақпарат жетер ме еді деп армандаймын.

Тарихтан белгілі елімізде орын алған саяси қуғын-сүргінге қатысты сіздің пікіріңіз қандай? Өзіңіз осы тақырыпқа қызығушылық танытасыз ба және қазіргі таңда БАҚ-ның осы тақырыпқа қатысты жұмысына көңіліз тола ма?

— Саяси қуғын-сүргін біздің елдің ең мықты буынын, сүт бетіндегі қаймақтарын, туған елі үшін қызмет еткен нағыз зиялыларын отап, таптап, жоқ етуге ұмтылған қанды қырғын. Өткен ғасырдың басында еліміз бен ұлтымыз бірнеше дүркін, әдейі ұйымдастырылған әлеуметтік, демографиялық, экономикалық катаклизмдердің құрбаны болды. Ашаршылық, соғысқа мәжбүрлеу, ұжымдастыру, қуғын-сүргін. Осылардың ішінде 70 жыл бойы жалғасқан ең ұзақ қылмыс – дәл осы саяси репрессия. Оны тек Алаш ұлт-азаттық қозғалысының мыңдаған қайраткерін атумен сипаттасақ, толық картинаны түсінбей қалуымыз мүмкін. Оған дейін де, одан кейін де өзгеше ойлы, еркін пікірлі талай мықты азамат режимнің құрбаны болды. Бірақ ең мол зардап әкеліп, мемлекетіміздің дамуын 100 жылға кейін шегіндірген – 1937-1938 жылдардағы қанды қырғын. Өкінішке қарай, бұл тақырыпты тереңнен талдап, ашып көрсетудегі жұмыстар өте баяу, мардымсыз, сондықтан көңіл көншітерлік дәрежеде емес деп санаймын.

31-мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні екені белгілі. Жалпы тек осы күні саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы ақпарат шығарып, тек осы күнге қарай материалдар дайындау қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз? Негізінен Қазақстандық журналистикада осы тақырып қаншалықты жиі қозғалады? Сіздің ойыңызша, бұл тақырыпқа қатысты журналистиканың халықты ақпараттандыруы қандай деңгейде жүргізілуі қажет?

Алаштанушы жас ғалымдардың болжамынша, саяси қуғын-сүргін елінің азаттығы мен еркіндігі үшін күрескен 25 мыңнан астам адамның өмірін жалмаған. Оның 3000-дайының аты-жөні қазір анықталды деуге болады. Ал тәуелсіздіктің 30 жылында еңбектері жаңғыртылып, халқына оралған қайраткерлердің саны 40-қа да толмай тұр. Осыдан-ақ бұл тараптағы жұмыстың қаншалықты «қарқынды» жүріп жатқанын аңғаруға болатын шығар. Сүйсінер нәтиже де жоқ емес. Мәселен, «Қыр баласы» қоғамдық қорындағы жас зерттеушілер көптеп-көмектеп, қолдаушылар мен демеушілердің қаражатына сүйеніп, Ғазымбек Бірімжан, Абдолла Байтасұлы, Мұстақым Малдыбайұлы, Сейдәзім Қадырбай, Біләл Сүлейұлы, Сейітбаттал Мұстафаұлы сынды ондаған қайраткердің өмірін зерттеп, шаң басқан мұрағаттарды ақтарып, кітаптарын шығарды. Ол мұраны басқа заманауи медиаформатта да  дәріптеу қажет. Ұлттық дәрежедегі іргелі ұйым айналысатын шаруаны осындай бастамашылар атқарып жатыр. Енді, ең болмаса, соларға нақты қолдау білдіру – мемлекет идеологиясының тізгінінде отырған азаматтардың борышы.

Әйтсе де, соңғы кезде жақсы бір тенденция байқалады. Түрлі республикалық газеттен, теле-радио арналарынан журналистер хабарласып, жазықсыз құрбан болған Алаш арыстары туралы пікір сұрап, материал дайындауда белсенділік танытып келеді. Осы қарқынды күшейтіп, халыққа жетпей жатқан талай құнды деректі беруде ерік-жігер мен табандылық танытар болсақ, ұлттық сана-сезім бекіп, тәуелсіздіктің қадірін толық сезініп, болашақ ұрпақ алдындағы өз миссиямызды атқарған болар едік. Бұл – тек 31 мамыр қарсаңында емес, 365 күн бойы үздіксіз жүруі тиіс процесс.

Сұхбаттасқан Абдулалиева Гүлжанат