Көкшетауда жастармен кездесу өтті

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру шеңберінде «Жастар – елдің болашағы» атты кездесу шарасын өткізді, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.

Шараға спикер ретінде Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары – Кенжебаев Сабырхан, ведомствоаралық үйлестіру және өңірлік өзара іс-қимыл басқармасының басшысы – Есекеева Мансия, «Ұлттық волонтерлік желі» ҮЕҰ басшысының орынбасары – Досымбетов Айбек, «Қазақстан студенттерінің Альянсы» КҚ атқарушы директоры – Аружан Бахитова, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштер ардагерлері облыстық қоғамдық ұйымының Ақмола филиалының полковнигі — Ережепов Жанат шақыртылды. Сонымен қатар іс-шараға өңірлік Жастар ресурстық орталықтарының басшылары, мамандары, волонтерлік ұйымдардың басшылары мен мүшелері, жастар ұйымдары, Жастар ісі жөніндегі комитет төрағалары, белсенді студенттер қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – Ақмола облысы жастарының шығармашылық қызметі үшін жағдай жасау және облыстағы студент жастардың адамгершілік және мәдени әлеуетін сақтау және арттыру.

«Қазақстанда тұратын волонтерлік ұйымдар ғана еріктілікпен айналыспайды. Себебі менің ойымша, елімізде тұратын 19 миллион тұрғынның барлығының жүрегінде кішкентай волонтер өмір сүреді.

Қайырымдылық – қазақстандықтардың қанынада бар қасиет десек, қателеспеген болармын. Біз, тек жоспар бойынша тұрған шараларды өткізіп қоймай, сонымен бірге шамамыз келгенше жоспардан тыс ізгі іске ізімізді қалтыру міндет қылу керек сияқтымыз. Елімізде қаншама мұқтаж жандар бар, олардың әрқайсысына көмек көрсете алмасақ та, қаншамасының жүректеріндегі үміт шамын жандыруға болатынын ұмытпаған жөн. Солардың барлығын ынтымақтастығымыз бен бірлігіміздің арқасында іске асыратынымызға сенімдімін» — деді «Ұлттық волонтерлік желі» ҮЕҰ басшысының орынбасары Айбек Аяпбергенұлы өз сөзінде.

Әр спикер өзінің ойымен бөлісіп, жастармен сұхбаттасты. Қатысушыларлар сұрақтарын қойып, жастардың өзін-өзі дамытуы, адамгершілік, патриоттық сезімдерін оятуы және жастар саясатын дамытудың жолындағы жас буынның маңыздылығы мен рөлі, сондай-ақ қоғамдағы орны жөнінде тақырыптар қозғалды.

Одан әрі жастар үшін волонтерлік бағытта оқыту курсы басталды. Сонымен қатар, республикалық және өңірлік волонтерлік ұйымдардың көшбасшылары жетістіктерімен, ізгі істерімен бөлісті.

Кездесу соңында барлық қатысушыларға қатысқаны үшін сертификаттар табысталып, кейін естелік суретке түсіру процессі іске асты.