Қазақстан Францияның су ресурстарын басқару тәжірибесін алады

20 сәуірде Maqsut Narikbayev University-де «Орталық Азиядағы жер асты суларын басқару және климаттың өзгеруі» жобасы аясында Францияның Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған жер асты суларының ресурстарын басқару жөніндегі сарапшылардың 3 күндік семинары аяқталды, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.

Өткен жылы Францияда болған қатты құрғақшылықтан кейін суды басқару мәселелерімен белсенді айналысты. Бұл тақырып қоғамда да, БАҚ-та да қызу талқыланды. Қазақстанда да су мәселесі де жиі көтеріліп тұрады.

«Біз 2015 жылы қабылданған Париж климаттық келісімінің орындалу барысы үшін белгілі бір дәрежеде жауапкершілікті сезінеміз. Франция мен Қазақстан әртүрлі климаттық және географиялық жағдайларға тап болғанына қарамастан, екі елдің үкіметтері су ресурстарын тұрақты басқаруды қамтамасыз етудің ортақ міндетіне ие», — деді Францияның Қазақстандағы елшілігінің өкілі А.Бортолан.

Бірнеше күн бұрын Франция президенті Э.Макрон климаттың өзгеруінің қиындықтарына бейімделу үшін суды басқару саясатын қайта қарауға бағытталған бірқатар шараларды қамтитын жоспарды ұсынды. Бұл жоспарды әзірлеу кезінде инновациялық шешімдерді, әсіресе су ресурстарын басқару саласында ұсынатын франциялық тәжірибе пайдаланылды. Геологиялық және тау-кен зерттеулеріне маманданған BRGM мемлекеттік мекемесі жер асты ресурстарын басқаруда сарапшы ретінде танылған және халықаралық ынтымақтастықта мол тәжірибесі бар.

«Мен осы жоба аясында BRGM-ді Қазақстандағы жаңа серіктес ретінде қарсы алатынымызға өте қуаныштымын. Еуропа және Франция Сыртқы істер министрлігі қаржыландыратын бұл жоба екі жыл бойы Қазақстаннан Францияға делегацияларды шақыру, оқыту мен зерттеуге гранттар беру, франциялық сарапшылардың Қазақстанға жұмыс сапарлары және біліктілікті арттыру бойынша семинарлар сияқты кең ауқымды іс-шараларды ұйымдастыруға бірегей мүмкіндік береді», — деді елшілік өкілі.