Тұрғын үйді жалға беруді субсидиялау бағдарламасы іске қосылды

Фото. ашық дереккөзден

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Алмаз Ыдырысов пен «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова халықтың белгілі бір әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген бағдарламаның басталғаны туралы мәлімдеді, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі.

Баяндамашылардың пайымдауынша, «Отбасы банкі» жалға беру төлемдерін субсидиялауға өтінімдер қабылдай бастады. Осылайша, 18 сәуір күні 70 мың үміткердің 17 мыңы  жалға берілетін тұрғын үйге ақы төлеуге субсидия алуға өтінім беру бойынша «Отбасы банкінен» өз ұялы телефондарына смс-хабарлама алды.

Қазіргі таңда қазақстандықтар 1662 өтінім берген. Олардың 259-ы мақұлданып, 129-ы бойынша субсидия алушы немесе оның отбасы мүшелері туралы мәліметтер тексерілуде. Бұдан басқа, 161 өтінім бойынша қазір бастапқы деректер ғана енгізілген, 105-ін өтінім берушілердің өздері қайтарып алған. Сонымен қатар, 1008 өтінім мақұлданбай, кері қайтарылған. Мақұлданбай қалған өтінімдердің басым бөлігі тіркеу кезінде смс-хабарлама арқылы жіберілген құпиясөзді енгізбеген өтініш берушілер тарапынан келіп түскен.

«Қазақстандықтар өз өтінімдерін жылдам әрі кезек күтпей берулері үшін біз барлық процесті онлайн режимде ұйымдастырдық. Өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба арқылы otbasybank.kz порталында «Жалдау ақысын субсидиялау» бөлімінде беріледі. Өтінімдер қабылданатын және өңделетін цифрлық платформа бірегей болып табылады. Алғашқы өтінімдерді беру барысында платформада қателер туындауы мүмкін деп болжап, бірінші кезеңде өтінімдер банктің клиенттері болып табылатын үміткерлерден қабылдана бастады», – деді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Алмаз Ыдырысов.

Екінші кезеңде, яғни 26 сәуір күні хабарлама «Отбасы банкінен» тағы 23 мың үміткерге жіберілетін болады. Жалдау шарттары бойынша төлемдерді республикалық және өңірлік бюджеттерден қаражат түскеннен кейін маусым айынан бастап төлеу жоспарланып отыр.

«Мемлекеттік қолдауға төрт санат бойынша кезекте тұрған үміткерлер ие бола алады. Олардың қатарында І және ІІ топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар және көпбалалы отбасылар бар. Бұл ретте, соңғы 6 айдағы орташа айлық жиынтық табыстың мөлшері отбасының әрбір мүшесі үшін бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс», – деп мәлімдеді А.Ыдырысов.

Қойылатын тағы бір талап – үміткерлер «Отбасы банкінің» клиенттері болып, депозиті мен мекеменің интернет банкингінде тіркелген болуы тиіс. Жинақ шоты жоқ адамдар шотты бейнебанкинг немесе Otbasybank мобильді қосымшасы арқылы аша алады.

«Депозит тұрғын үйге ақша жинау үшін қажет. Қазір кезекте тұрғандар өз мүмкіндіктеріне қарай ақша жинай алады. Дегенмен, мерзімі бойынша ертерек ашылған депозит келесі сатыға өткенде артықшылықтарға ие болады», – деп атап өтті Банк басқармасының төрайымы.

Депозитті ашып, otbasybank.kz порталында тіркелген үміткерлер өтінімді жеке кабинеттерінде рәсімдей алады. Өтінімді рәсімдеу үшін жеке кабинетте төлемдерді алуға арналған өтініш пен дербес деректерді жинауға және өңдеуге арналған келісімге қол қою қажет. Құжаттарға қол қойылғаннан кейін жүйе енгізілген деректерді өңдеп, отбасы құрамын дербес анықтайды. Осыдан кейін отбасының кәмелет жасқа толған әрбір мүшесі «қонақ» мәртебесінде otbasybank.kz сайтына кіріп, дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісімге ЭЦҚ көмегімен қол қоюы тиіс. Жүйе деректерді қайта тексеріп, үміткердің субсидия алуға берген өтінімі мақұлданады.

Өтініш беруші алатын хабарламада тұрғын үйді жалға алатын аймақ, тұрғын үй көлемі, жалдау ақысының максималды мөлшері және алатын субсидияның максималды мөлшері көрсетіледі.

Кейін «Жалға беруші туралы деректер» бөлімінде өтініш беруші жалға берушінің ЖСН немесе БСН көрсетуі қажет және процестің екінші кезеңі басталады. Екінші кезеңге процеске жалға алынатын тұрғын үйдің меншік иесі қосылады.

Жалға беруші ЭЦҚ көмегімен otbasybank.kz сайтында авторизацияланады, «жалдау ақысын субсидиялау» бөлімінде өз мәліметтерін растайды. Содан кейін өтініштерге қол қойып, жалға берілетін пәтердің кадастрлық нөмірін, сондай-ақ 20 таңбалы шотты көрсетеді. Осыдан кейін жүйе жалдау шарттары мен екі тарап қол қоятын төлем кестесін жасайды.

«Отбасы банкі» тарапынан субсидия ай сайын төленетін болады. Шартты мерзімінен бұрын бұзуға және басқа жалға берушімен жаңа келісімшарт жасасуға болады. Бұл жағдайда өтініш беру процесі қайтадан басталады. Сонымен бірге «Отбасы банкі» төлем тәртібі бойынша ай сайын мониторинг жүргізіп, жыл сайын субсидия алушылардың бағдарлама талаптарына сәйкестігін тексереді. Бұдан басқа, әкімдіктер тоқсанына кемінде бір рет жалға берілетін тұрғын үйлерді және ол жерлерде тұратын азаматтарды тексереді. Жақын туыстардан, ерлі-зайыптылардың туыстарынан және бұрынғы ерлі-зайыптылардан тұрғын үйді жалға алуға, сондай-ақ жалға берілетін тұрғын үйді қайта жалға беруге тыйым салынады», – деп мәлімдеді Ләззат Ибрагимова.