Өзбекстан мен Қытай арасында Қырғызстан арқылы теміржол желісі салынбақ

Фото: ашық дереккөзден

Құзырлы ведомстволар ауқымды жобаны жүзеге асыруға келісті. Ұлы Жібек жолының ежелгі тармағы жаңғырса, Шығыстан Оңтүстік Азияға қарай тауар тасымалы артады, деп хабарлайды «ozgeris.info» «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

Ресми Ташкент кейінгі жылдары Қытаймен арадағы алыс-беріске көп көңіл бөледі. Автоөнім, алтын, мақта, жеміс-жидек әзірге тек қазақтың көлік жолдары арқылы Шығысқа жөнелтіледі. Енді ала шапанды ағайын Қытайға Қырғызстан арқылы тауар тасымалдауға да ниетті.

«Бұл бағыт әлдеқайда жақын», – дейді мамандар. Ортақ теміржол желісін құруға Бішкекте келісім жасалған.  – Теміржол желісі көп болған сайын алға жылу болады. Жобаның келешегіне көп үміт артып отырмыз. Еуропа елдері бір-бірімен тығыз байланысқан. Бізге де осындай жаһандық желі керек. Қырғызстан транзиттік мүмкіндігін пайдаланып, мол түсім табады. Біз де Қытаймен алыс-берісімізді арттыра аламыз, — дейді саясаттанушы Равшан Назаров.

Алайда үш елдің арасында ортақ дайын теміржол желісі жоқ. Оны құруға тек миллиардтар елі көмектесуі мүмкін. Қытай «Бір жол, бір белдеу» жобасы аясында қыруар қаржы бөле алады. Әзірге бастапқы капиталы тек 50 млн долларлық қор құрылды. Оған Өзбекстан мен Қырғызстан қаржы құйды. Өзбекстанның оңтүстігі арқылы Пәкістан нарығына жол ашылады. Алайда оған жету оңай шаруа емес. Арада таулы-қыратты Ауғанстан бар.

– Былтыр Ауғанстандағы жағдайға байланысты тауар тасымалы азайды. Биыл қайта қалпына келе бастады. Өзбекстан темір жолдары ауған жеріне 1,1 млн тонна жүк тасымалдады. Елде ахуал өзгермесе, компания көрсеткішті арттыра бермек, — дейді «Өзбекстан темір жолдары» АҚ баспасөз хатшысы Әлішер Балтабаев.

Өзбекстан мен Қырғызстанның алып нарықтармен байланыс үзбей, транзиттік мемлекет болуға ұмтылуы бекер емес. Көп жылдардан бері бұл аймақта халықаралық деңгейдегі жобалар жүзеге аспады. Ішкі тұрақтылық та тез қалыптаса қоймады. Онсыз халықаралық жобалардың қаржыландырылуы екіталай.

—  Қырғызстанда өткен онжылдықтар бедерінде билік жиі ауысты. Саяси тұрғыда тұрақсыздық мұндай үлкен жобаға кері әсер етпей қоймады. Егер ол жүзеге асқан жағдайда Қытайдан Қырғызстан арқылы тауар тасымалы артады. Өзбекстаннан Түрікменстанға, тіпті Иранға да бағыттар ашылады, — дейді саясаттанушы Равшан Назаров.

Айта кетейік, үш мемлекет бірігіп салатын теміржол Қазақстанның транзиттік түсімін азайтады деген де болжам бар. Сондықтан жоба аймақтағы бір мемлекетке тиімді болғанымен, екіншісіне кері әсер етуі ғажап емес. Теміржол тек Пәкістанға дейін жалғасқан жағдайда барлық тарапқа тиімді болады.

 

«ozgeris.info»