Зейнетақы қорындағы ақшаны ерте шешіп алу тоқтатылуы мүмкін

зейнетақы
Коллаж: gov.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова зейнетақы қорындағы ақшаны ерте шешіп алуды тоқтату мәселесіне қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Ozgeris.Info.

Министр сарапшылардың бұл ұсынысын қолдайтынын жеткізді.

«Базалық зейнетақы төлемін басқаша есептеу тәсілімен келісеміз. Біздің ұсынысымыз, біріншіден, зейнетақы ең төменгі еңбекақының 60 пайызына тең болуы керек. Екіншіден, бұл — сарапшылардың ұсынысы, яғни зейнетақы қорынан жинақты ерте шешіп алуды тоқтату, біз мұнымен де келісеміз. Себебі қазір ерте шешіп алғандардың зейнетақысы 34 мың теңгеден аспайды. Сондықтан оны доғару керек», — деді Светлана Жақыпова Үкімет отырысынан соң.

Оның айтуынша, зейнетақы қорындағы 3 триллион теңге мерзімінен бұрын алынған.

«1,5 миллион адам зейнетақы төлемдерімен қамтылды, 3 триллион теңгеден аса қаржы зейнетақы қорынан шығарылды. Ол қаржыға адамдар үй жағдайын жақсартты, емделді. Сондықтан мұны бекер жұмсалды деуге де болмайды», — деді министр.

Еске салайық, бұған дейін министрлік зейнетақысының бір бөлігін алып қойған қазақстандықтарға күтпеген жаңалық айтты.