Елімізде бір мыңнан астам ауыл интернетсіз отыр

Фото: ашық дереккөзден

Елімізде 1 мыңнан астам елді мекен интернетке қол жеткізе алмай отыр. Ұлттық коммуникациялар және цифрландыру қауымдастығының вице-президенті Жанат Асантаева осылай дейді, деп хабарлайды «ozgeris.info» «ҚазАқпарат»-қа сілтеме жасап.

«Рейтингтерге қарамастан Қазақстан халқы сапалы әрі жылдамдығы жоғары интернетке қол жеткізуде қиындықтарға тап болып отыр. Тіпті кей жерлерде оны қолдану мүмкіндігі де жоқ. Мемлекеттік органдардың мәліметіне қарағанда 2020 жылы талшықты-оптикалық байланыс пен интернетке мобильды қолжетімділікті қамтамасыз ететін желі құрылысын салу жобасы аяқталып, 5 532 елді мекен қамтылды. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, бұған дейін қолданыста болған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында талшықты-оптикалық байланыс желісі ең ірі елді мекендерге жеткізілді. Елді мекендерде автоненттерге дейін байланыс жеткізу мобильді технологиялар арқылы жүзеге асырылады, — деді ол телекоммуникация нарығын демонополизациялау мәселелерін талқылауға арналған Menmedia.kz кросс-медиаплатформасы барысында.

Оның атап өтуінше, әрбір оператор техникалық мүмкіншіліктерге қарай мобильді технологияларды өздері таңдайды.

«Өткен жылдың қарасында Мәжіліс депутаттары бизнестің электронды есеп беруге толық көшуін көздейтін жаңа реттеушілік саясатқа қатысты мәселе көтерді. Бірақ, 1 178 ауылда интернеттің жоқ екендігін анықталып отыр. Мұның үстінде ауыл тұрмақ қалалардың өзінде кей жерлерде байланыс әлсіз. Адамдар көп жиналатын жерде де жүктеменің артуына орай байланыс тұрақты емес. Депутаттардың пайымынша, электронды есеп беруді міндеттейтін норма қабылданған жағдайда еліміз бойынша мыңдаған кәсіпкер қиындыққа тап болар еді», — деді ол.

«ozgeris.info».