Түркиядан келген ҰҚТ қазақстандықтарды 78 млн теңгеге алдады

Түркиядан келген алаяқтық топ қазақстандықтарды көлік сататын жарнаманы пайдаланып алдады, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Отырыста алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды.

Құқық қорғау органдары онлайн-алаңдардағы 500-ден астам алаяқтық жарнамаларды жойып, 57 қылмыстық кибер топты әшкереледі.

«Осындай топтардың бірі Түркиядан қазақстандық автокөлік сату сайтына хабарландырулар орналастырып, 52 азаматтың қолында жоқ көлік құралдары үшін 78 млн теңге көлемінде ақша тартып алды. ҰҚТ мүшелері қамауға алынып, ұйымдастырушыға іздеу жарияланды «, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар, тәртіп сақшылары заңсыз контентті қамтитын 2500 сайтқа тосқауыл қойды, олардың жартысында алаяқтық белгілері болған. Мессенджерлерде арнайы Cyberbot тобын құру арқылы бір айдың ішінде 300-ден астам алаяқтық сілтемелер жойылды.