ШҚО-да есірткі жарнамалаған ерлі-зайыпты ұсталды

Шығыс Қазақстан облысында полиция есірткі жарнамалады деген күдікпен ерлі-зайыптыны ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.

Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Өскемендегі аудандардың бірінде есірткі сайттарының парақшаларын жапсырып жүрген 2 тұрғын анықталған.

Қылмыс орнында күдіктілерді жедел уәкілдер ұстады. 41 жастағы ер адам мен оның 28 жастағы жұбайынан жапсырма тәркіленді. Күдіктілердің айтуынша, олар есірткі сайттарын жарнамалап жүргенін білмеген.

28 жастағы әйелдің айтуынша, ол «тапсырманы» жұмыс берушіден алған, оған брошюраларды қалада жапсыру керектігі түсіндірілген. Содан кейін ол күйеуін де жұмыс істеуге шақырған.

Қазір олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ерлі-зайыптының кінәсі дәлелденсе, олар 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Фото: polisia.kz