Түркістан облысында шомылу маусымы басталмай жатып 7 бала суға кеткен

Облыста жыл басынан бері 9 адам суға кетіп, қайтыс болды. Оның ішінде кәмелетке толмаған 7 жасөспірім бар. Бұл туралы Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Оразгелді Дүйсен мәлімдеді.

Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының ұйымдастырумен өңірдегі барлық мектептерде «Судағы қауіпсіздік ережелері» тақырыбында ашық сабақтар өткізіліп жатыр.

Сондай-ақ, әр мектепке арнайы қауіпсіздік бұрыштары орнатылған.

Сонымен қатар, ата-аналар жиналыстарында судағы қауіпсіздік бойынша арнайы нұсқамаларды таныстыру жұмыстары жүргізілуде.

Әлеуметтік желілерде және ата-аналар комитетінің, оқушылардың WhatsApp топтарына ақпараттық сипаттағы жадынамалар, бейнероликтер, кеңінен таратылып жатыр.

«Жалпы өңірде 4 334 су айдыны бар. Олардың қатарында 42 су қойма, 149 өзен, 25 көл, 2 870 канал және 1 248 қашыртқы бар. Облыстық мәслихаттың шешімімен өңірде 111 шомылуға қауіпті аймақ бекітілген. Қазіргі таңда ол мекендерге ескертпелер қойылды», — деді Оразгелді Дүйсен.