Алматыда педофилияға күдікті ұсталды

Алматыда педофилияға күдікті ұсталды, деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

«Жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды», — делінген хабарламада.

Бұған дейін әлеуметтік желіде 10 жасар баланың анасы елең еткізген оқиғамен бөліскен болатын. Оның айтуынша, Наурызбай ауданында ер адам баладан қоқыс шығаруға көмектесуін өтініп, оны үйіне шақырып, кейін арқасына массаж жасауды өтінген.

Кіре берістегі бейнебақылау камералары біраз уақыттан кейін баланың пәтерден жүгіріп шыққанын көрсетеді. Үйіне жүгіріп барып анасына бәрін айтып берді. Анасының айтуынша, пәтерде ер адам баланың іш киіміне  қолын салған.