ІІМ Бишімбаевтың «көлікпен бала қаққаны» туралы ақпаратты жоққа шығарды

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха сотталушы Қуандық Бишімбаевтың «бұрын көлікпен бала қағып кеткені» жайлы ақпаратты растамады.

Көлікпен бала қағып кетті деген ақпарат расталмады. Біз марқұмның туыстарымен (Салтанат Нүкенова – авт.), оның ішінде ағасымен де сөйлестік. Ақпарат қайдан шыққанын да тексердік. Бірақ онда басқа жағдай туралы айтылған. Сондықтан ақпарат расталмады, — деді Игорь Лепеха.

Бұған дейін Астанада өтіп жатқан сот отырысында марқұм Салтанат Нүкенованың анасы экс-министр Қуандық Бишімбаев көлікпен бала қағып кеткенін, бірақ жауапкершіліктен құтылғанын айтқан еді.