ШҚО-да іздеуде жүрген қылмыскер қолданған телефоны арқылы Алматыда ұсталды

Шығыс Қазақстан облысында іздеуде жүрген қылмыскер қолданып жүрген телефоны арқылы Алматы қаласында ұсталды.

Облыста жыл басынан бері іздеуде жүрген 7 қылмыскер ұсталды. Соның нәтижесінде, іздеудегі қылмыскерлер саны 35 пайызға азайған. Ал өткен бір жылдың ішінде 15 қылмыскер құрықталған.

«ШҚО прокуратурасының жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау басқармасы қылмыстық қудалау органдарының қылмыскерлерді іздестіру жөніндегі жұмысын үйлестіріп, көмектесуде. Атап айтқанда, облыс прокуратурасының тексеруі кезінде ұрлық жасағаны үшін сот үкімі бойынша жазасын өтеуден жалтарып, пробация қызметінің іздеуіндегі адам ақпараттық жүйелер арқылы қолданып жүрген телефон нөмірі бойынша анықталды», — деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметінен.

Жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде ол Алматы қаласында ұсталып, жазасын одан әрі өтеуге жіберілді.

«Осы жылдың наурыз айында прокуратура ШҚО полиция департаментімен бірлесіп жүргізген рейдтер барысында іздеуде жүрген 4 қылмыскер ұстап, хабар-ошарсыз кеткен 5 адамды тапты», — делінген ақпаратта.

Фото: almaty.tv