Қазақстанда ғылыми зерттеуге жұмсалатын шығын бірден 41% өсті

Ғылыми-зерттеу шығындары бір жылда 41,9% өскен. Бұл жайында ұлттық статбюро хабарлады. 

Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмысқа жұмсалған шығын 2023 жылы 41,9% өсіп, 172,5 млрд теңгені құрады.

Бір жыл бұрын оның көлемі 121,1 млрд теңге болған.

2023 жылы ҒЗТКЖ жұмсалған шығындардың басым бөлігі Алматы (77,2 млрд теңге) және Астана (36,6 млрд теңге) қалаларында тіркелген.

Сондай-ақ айтарлықтай көрсеткіш Маңғыстау (13,5 млрд теңге), Шығыс Қазақстан (8,2 млрд теңге) және Қарағанды (7,8 млрд теңге) облыстарында байқалған.

Ғылым салалары бөлінісінде ең көп ішкі шығын инженерлік әзірлемелер мен технологияларға — 59,4 млрд теңге, жаратылыстану ғылымдарына — 58,8 млрд теңге және ауыл шаруашылығы ғылымдарына — 20,1 млрд теңге жұмсалған.

Ғылыми дәрежесі бойынша зерттеу жүргізетін қызметкерлер саны 2023 жылы 25,4 мың болды — 2022 жылмен салыстырғанда бұл 13,4% артық.

Оның 55% — әйелдер.

Фото: Pexels