Атырау облысында жолдағы су өткізетін құбыр мен көпірлер тексерілді

Атырау облысында республикалық жолдағы су өткізетін құбырлар мен көпірлерге тексеру жүргізілді. 

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының директоры Бекбол Мұқашовтың айтуынша, республикалық және облыстық маңыздағы жолдарда бақылау күшейтілді.

«Атырау облысының аумағымен 4 бағытта республикалық маңызы бар жол өтеді. Көктемгі су тасқынына қарсы дайындық күшейтілді. Мәселен, «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тас жолындағы Сағыз өзені үстінен салынған көпірдің жай-күйіне тексеру жүргізілді. Мұндай тексеру «Доссор-Құлсары-Бейнеу-Ақтау» бағытында жолда Құрсай өзеніндегі көпір тексерілді», — дейді Бекбол Мұқашев.

Оның дерегіне сүйенсек, Қызылқоға, Жылыой аудандары арқылы ағатын Жем өзенінің тереңдігі 2 метрге жеткен. Қазір су өзеннің арнасымен ағып жатыр.

«Осы кезге дейін «Атырау-Орал» тас жолы бойындағы 25 су өткізгіш құбыр тазартылды. Ал, «Қажсервис» ЖШС-нің Атырау облыстық филиалы су тасқынына қарсы 250 текше метр қиыршық тас, 500 тонна құм, 3 мотопомпа, 3 қайық және 1 мың қап құм дайындады. Бұл материалдар жол пайдалану бекеттерінде сақтаулы тұр», — деп мәлім етті Бекбол Мұқашов.

Фото: Фархат Абилов, Ақжайық