2030 жылға дейін 15 млрд долларға жаңа жолдар салынады

2030 жылға дейін еліміздің аумағында 4,7 мың шақырым жаңа жол салынады. Бұл туралы Көлік министрлігінен мәлім етті.

«Көлік-транзиттік әлеуетті одан әрі дамыту және көлік инфрақұрылымын жаңғырту аясында 2024-2030 жылдары кезеңінде жалпы ұзындығы 4,7 мың шақырым болатын жаңа жобаларды кезең-кезеңімен іске асыруды бастау жоспарланған. Жобалардың болжамды құны 15 млрд долларды құрайды және 3 кезеңде іске асырылатын болады», — деп атап өтеді министрлік агенттіктің ресми сауалына берген жауабында.

Ведомство мәліметінше, бірінші кезеңде жобаларды іске асыруды 2024 жылдан бастау көзделген. Онда мына жолдардың құрылысы басталады:

— Қызылорда-Жезқазған (208 шақырым) (Ұлытау облысы бойынша учаске);

— Ақтөбе-Қызылорда (742 шақырым) (Ақтөбе-Ұлғайсын – 262 шақырым, Қызылорда-Сексеуіл — 480 шақырым учаскелері);

— Қарағанды-Жезқазған (513 шақырым);

— Сарыағаш қаласын айналып өту (102 шақырым);

Екінші кезеңде 2024 жылдан 2026 жылға дейінгі кезеңде құрылыс-монтаждау жұмыстарын мына учаскелерде бастау жоспарланған:

— Атырау-Доссор (86 шақырым);

— Астана-Қостанай-РФ шекарасы (830 шақырым);

— Атырау-Орал (320 шақырым) (Атырау-Индер, Орал-Чапаево учаскелері);

— Түркістан қаласын айналып өту (30 шақырым).

Үшінші кезең 2026 жылдан кейін ұзындығы 1 434 шақырым қалған жобаларды жаңғыртуды көздейді.

«Қаржыландыру тапшылығын ескере отырып, қозғалыс қарқындылығы төмен жекелеген жобалар бойынша құрылымды күшейте отырып және 4 жолаққа дейін (Павлодар-Успенка, Семей-Барнаул — 265 шақырым) кеңейту мүмкіндігімен жөндеу жүргізу ұсынылады», — деді Көлік министрлігінен.