Бишімбаев ісі бойынша сот шешімі әділ болатынына күмәнім жоқ — Сенат төрағасы

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сотта Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты әділ әрі объективті үкім болатынына сенімді екенін айтты.

«Менің ойымша, біз қарастырып жатқан тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту туралы заң қабылданғаннан кейін, кез келген жағдайда қоғамымызда елеулі өзгерістер болады. Біздің қоғам қазірдің өзінде басқаша. Бір жыл бұрынғымен салыстырғанда қазір адамдар отбасындағы зорлық-зомбылық фактілерін басқаша қабылдайды. Проблемалар болғанда, қазір адамдар үндемей отырмайды, әйелдер шағымдарын айтып жатыр. Қазір әйелдер өз наразылықтарын білдіріп, бұл туралы ашық айтып, қоғам оларды қолдап жатыр», — деді М. Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, қазір елде барлығы Қуандық Бишімбаевқа қатысты соттың объективті, әділ және заңды өтуіне ерекше назар аударып отыр.

«Алдағы сот шешімі әділ, объективті және заңды болатынына күмәнім жоқ. Осы процесті жүргізіп жатқан Жоғарғы Сот басшылығы, судьялар қоғам мен халық алдындағы жауапкершілігін түсінеді деп ойлаймын. Осы жағдайда біреулер қандай да бір манипуляцияға түседі деп ойламаймын. Сондықтан журналистер де жағдайды сабырмен қабылдағаны жөн. Қазір барлығы да процестің объективті, әділ және заңды өтуіне мүдделі», — деді Сенат төрағасы.

Kazpravda.kz