Пәкістандық студент WhatsApp-тағы хабарламасы үшін өлім жазасына кесілді

Пәкістан соты WhatsApp хабарламалары арқылы Құдайға тіл тигізді деген айыппен 22 жастағы студентті өлім жазасына кесті, деп хабарлайды BBC.

Пенджаб провинциясы сотының мәлімдеуінше, айыпталушы фотосуреттер мен бейнелерді мұсылмандардың діни сеніміне нұқсан келтіру мақсатында таратқан.

Дәл осы іс бойынша 17 жастағы жасөспірім өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Айып тағылған екі азамат кінәсін мойындаған жоқ.

Пәкістанда Құдайға тіл тигізгендер өлім жазасына кесіледі. Кейбір күдіктілер істері сотқа дейін жетпей жазаланды.

Шағымды 2022 жылы Пәкістанның Федералдық тергеу агенттігінің (FIA) Пенджаб провинциясының астанасы Лахор қаласындағы киберқылмыс бөлімі түсірді.

Сот шешімінде айтылғандай, 22 жастағы жігіт Мұхаммед пайғамбар мен оның әйелдеріне тіл тигізетін фотолар мен видеолар түсіргені үшін өлім жазасына кесілді.

Екінші айыпталушы материал таратқаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Шағымданушы оған үш түрлі ұялы телефон нөмірінен бейне және фотосуреттер түскенін айтты.

FIA қызметкерлерінің мәлімдеуінше, олар шағымданушының телефонын тексеріп, оған «әдепсіз материал» жіберілгенін анықтады.

Жастардың адвокаттары олардың «тұзаққа түсіп қалғанын» айтты .

Өлім жазасына кесілген сотталушының аты-жөні жарияланбаған, әкесі ВВС-ге Лахордың Жоғарғы сотына шағымданатынын айтты.

Құдайға тіл тигізуге қарсы заңдарды алғаш рет Үндістанның британ билеушілері бекітіп, 1980 жылдары Пәкістанның әскери үкіметі тұсында кеңейтілді.

Өткен жылдың тамызында екі христиан Құранды қорлады деп айыпталғаннан кейін елдің шығысындағы Джаранвала қаласында ондаған шіркеу мен үй өртенді.

Фoто: Shutterstock/FOTODOM