Астанада ер адам әйелін көліктен сүйреп жолға түсіріп тастаған

Түнгі сағат 02.00 шамасында «102» пультіне оқиға куәгерінен жол бойында «GEELY» көлігінің мас жүргізушісі әйелді ұрып-соғып жатқаны туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына дереу автопатруль жіберілген. Тәртіп сақшылары жеткенде жүргізуші көлікті тастап, жаяу қашуға әрекеттенген. Алайда көп ұзамай қолға түскен.

Тергеу барысында көліктің ішінде жүргізушінің әйелі болғаны анықталды. Оқиғадан сәл бұрын ерлі-зайыптылар дәмханада ішімдік ішіп отырған, сол жерде олардың арасында жанжал шыққан. Олар мас күйінде көлікке отырып, көлік жүргізіп келе жатқанда ерлі-зайыптылардың арасындағы шыққан жанжал жалғасып, жүргізуші көліктен әйелді мәжбүрлі түрде сүйреп түсірген.

Құрықталған жүргізушіні полицейлер бірден көлік жүргізуден шеттетіп, медициналық тексеруден өтуін сұраған. Алайда жүргізуші полиция қызметкерінің заңды талабын орындаудан үзілді-кесілді бас тартып, бағынбаған.

«Полиция талаптарын орындамағаны және алкогольдік масаңдық бойынша тест тапсырудан жалтарғаны үшін жүргізуші 25 тәулікке әкімшілік қамауға алу қарастырылып, көлік коммуналдық тұраққа қойылған», — делінген хабарламада.