Алматыдағы жер сілкінісі: Президент тапсырма берді

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов президентке Алматыдағы жер сілкінісіне байланысты ведомствоның атқарып жатқан жұмыстарын баяндады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларына негізделген іс-қимылдар алгоритмі өз деңгейінде орындалды. Қазір қаладағы жағдай қалыпты, барлық тиісті мекеме бекітілген жоспарға сәйкес жұмыс істеп жатыр», — делінген ақпаратта.

Президент министрге мегаполис тұрғындарының амандығын сақтау және Алматыдағы жағдайды бақылауды қамтамасыз ету үшін қала әкімі Ерболат Досаевпен, сондай-ақ қаладағы барлық жауапты мекемелермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді жалғастыруды тапсырды.

Фото: Берік Уәлидің Facebook-тағы парақшасынан алынды