Астанада есірткі өндіретін жасырын зертхана жойылды

Астанада синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертхана жойылды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, қаланың өнеркәсіп аймағында орналасқан зертхананы жою жұмыстары ҚР Ұлттық қаупсіздік комитеті қалалық департаменті прокуратураның үйлестірумен жүзеге асырылған.

Осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген күдікпен астананың 2 тұрғыны ұсталды. Тінту барысында олардан шамамен 80 мың бір реттік дозаға бара-бар 27 кг-дан астам «мефедрон» психотроптық заты, сондай-ақ 1 тоннадан артық прекурсор алынды. Алынған есірткі құны «қара нарықта» 540 млн теңгеге бағаланады.

Бұдан басқа, Астана қаласының басқа аудандарында зертхана жабдығы бар 40 футтық екі контейнер табылды, тергеу нұсқасы бойынша, олар бірнеше осыған ұқсас өндірісті ұйымдастыруға арналған.

«Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес жария етілмейді», -делінген ҰҚК баспасөз қызметі таратқан баспасөз-баянында.

Фото: ҚР ҰҚК