Тамара Дүйсенова кімдерге хиджабпен жұмысқа баруға болатынын айтты

Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің бірлескен алқа мәжілісінен кейін жұмыста хиджаб кию мәселесіне байланысты пікір білдірді.

«Жалпы ол жөнінде ешқандай норма жоқ. Бірақ өздеріңіз де білесіздер. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы да пікірін айтты. Естеріңізде болса, әсіресе өткен жылы бұл мәселе мектепке байланысты көп болды. Оны егер азамат өзі таңдаса, өзінің таңдауы болса, ол оның Конституциялық құқығы», — деді вице-премьер журналистің сұрағына берген жауабында.

БАҚ өкілі: «Тіпті мемлекет қызметшісіне де хиджабпен жұмысқа келуге рұқсат бар ма?» — деп нақтылады.

«Ол өзінің құқығы ғой. Себебі оған ешқандай шектеу жоқ. Бірақ біз қандай мемлекет екенімізді ұмытпайық. Біз өзімізді зайырлы мемлекетпіз деп есептейміз. Сондықтан да біз сол Конституцияға сәйкес жұмыс істеуіміз керек», — деді Тамара Дүйсенова.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform