Шардара су қоймасынан заңсыз балық аулаған браконьерлер ұсталды

Күдіктілерден 3 қап балық, тіркелмеген 3 қайық және заңсыз электр құрылғылары тәркіленді.

Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасымен жүргізілген іс-шара барысында Шардара су қоймасынан электр тогын пайдалану арқылы заңсыз балық алу фактісі анықталды.

Шұғыл тергеу әрекеттері жүргізіліп, заттай дәлелдеме ретінде Нива автокөлігі, үш қап балық, тіркелмеген 3 қайық және заңсыз электр құрылғылары алынды.

«Аталған жағдай ҚР ҚК 335-бабы 1-бөлігінің 2) тармағымен тіркелді. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің барысы облыс прокуратурасының қатаң бақылауына алынды» делінген Түркістан облысы прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Фото: primeminister.kz