Майқайыңдағы апат: жерасты топырағының опырылуы құтқарушыларға қауіп төндіріп тұр

Майқайың алтын кен орнында іздестіру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі жұмыс барысымен Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының орынбасары Жомарт Асқаров айтып берді. 

«Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Апат болған күні 2 адамның денесі табылды. Іздестіру жұмыстары арнайы аппараттардың көмегімен жүргізілуде, біз бар күшімізді салудамыз. Сол сияқты арнайы ұйым тартылды», — деді Жомарт Асқаров Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

ТЖМ өкілінің айтуынша, Майқайыңдағы автобус апаты болған жерде 139 маман тартылды, одан бөлек 40 техника, 3 кинология қызметі және 2 пилотсыз ұшу аппараты бар.

«Біз сондай-ақ шетелдік әріптестермен кеңес жүргіздік. Сонымен қатар, жерасты топырағының құлауы құтқарушыларға қауіп төндіріп тұр. Әрине біз барлық параметрлерді ескереміз және шешім ауа райы жағдайлары мен құтқарушылардың қауіпсіздігін ескере отырып қабылданады», — дейді ол.

Фото: Павлодар облысының ТЖД