«Ордабасы» футбол клубының 4,2 млрд теңге қарызы қалалық бюджет есебінен жабылды

«Ордабасы» футбол клубы Еурокубок ойындарына қарызсыз қатысады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Ордабасы» футбол командасының жанкүйерлерімен кездесіп, футболды дамытудағы жоспарларымен бөлісті.

Өткен жылы команда 32 жылдық тарихында алғаш рет ел чемпионатында үздік деп танылды. Дегенмен, клубтың жылдар бойы қордаланған қарызы 4,2 млрд теңгеге жеткен болатын. Күрделі мәселе қала әкімінің тапсырмасына сәйкес шешімін тапты. Қазіргі таңда клуб берешегі толықтай жабылды. Команданың UEFA Чемпиондар Лигасына қатысатыны ескеріліп, жергілікті бюджет есебінен биылғы жылға 4,3 млрд теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде «Ордабасы» клубы Еурокубок ойындарына қарызсыз қатысатын болады.

Қала әкімдігі өз тарапынан өзекті мәселелердің барлығын шешіп, міндеттемелерін толықтай орындады. Ендігі жерде қаражаттың тиімді жұмсалып, команданың нәтижелі ойын көрсетуіне тікелей клуб президенті Б.Абдубаитов жауапты.

«Жуырда Мемлекет басшысына қаланың 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп беруім барысында мегаполиске заманауи стандартқа сай стадион қажеттілігін баяндаған болатынмын. Президентіміз биыл жаңа стадионның құрылысын бастау туралы нақты тапсырма берді. Биыл «Бозарық» елдімекенінде 35 мың орынға есептелген стадион құрылысын бастап, 2 жылда, аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. «Қажымұқан» стадионы туралы да көпшіліктің арасында әртүрлі алып-қашпа ақпараттар таралуда. Оның бәрі негізсіз. Бұл стадионды да реконструкциядан өткізіп, команданың қосалқы алаңына және жеңіл атлетикадан ұлттық команда жаттығатын орынға айналдыратын боламыз», — деді Ғ.Сыздықбеков.

Одан бөлек, қала әкімі футбол клубын қолдау мәселесіне қатысты кәсіпкерлермен арнайы кездескенін, жиын қорытындысы бойынша «OTAU GROUP» құрылыс компаниясының командаға 1 млрд теңге көлемінде қаржы бөліп, Бас демеуші болуға ниет білдіргенін жеткізді.

Жиын барысында жанкүйерлер тарапынан команда құрамын өзгертуге қатысты сұрақ қойылған болатын. Клуб президенті Б.Абдубаитов 2023 жылдың басында ойыншылармен 2 жыл мерзімге келісімшарт жасалғанын, оның бұзылмайтынын және 2025 жылға дейін команда құрамының өзгермейтінін мәлімдеді.

Фото: Sports.kz