Бағлан Әбдірайымовтың базарда арба сүйреген видеосы тарады

Танымал әнші, актер Бағлан Әбдірайымов оқырмандарын алаңдатып қойды. Өнер иесі базарда арба сүйреген видеосын жеке парақшасына бөлісті.

Әншінің тыңдармандары “Еңбек еткеннің ұяты жоқ” деп қолдап жатыр.
«Ал мынаған не дейсіздер», – деп жазды әнші. Видеодан Әбдірайымовтың жүк тасушы болып жұмыс істеп жүргенін көруге болады. Желі қолданушылары әншінің бұл видеосы құмар ойын туралы екінші фильміндегі кадрлар деп болжап жатыр. «Ән айтқанға дейін базарда жұмыс істегенін айтқан еді ғой. Жаңалық емес», «Бағланға ұқсайтын біреу екен десем», «Шошып кеттім ғой», «Фильміңізді күтіп жүрміз», «Адал бейнеттің несі бар екен?», «Кім қалай еңбек етсе де, адал жолмен тапқан ақшаның берекесі бар”, – деп жазды желі қолданушылары.

Айта кетейік, әнші құмар ойынға тәуелді болғанын ашық айтып жүр. Оны “Жігіттер” тобының продюсері Ерғали Әбдірайымов та растаған еді.

“Құмар ойынға тәуелділік бір адамға емес, бүкіл қоғамға зиянын тигізеді. Мысалы, топ боп баратын жерге Бағлан келмей қалады, болмаса 1-2 сағат кешігіп келеді немесе ойынханадан ішіп келеді. Онымен қоймай, отбасы, ата-анасы, ағайын-туысына да ауыр тиеді. Материалдық жағынан өзінің көлігінен, үйінен айырылды, қарызға батты. Өзі күйзеліске түсті, анасы да ауырып қалды. Барлығы сол құмар ойынның кесірі. Ол – танымал адам, оның ойнап, ішіп жүргенін көрсе, “Жігіттердегі” Бағлан ғой” деп айтады. Ол менің де жүрегіме тиеді. Бағлан бұл әрекетімен топтағы жігіттерді де қынжылтты. Басқа жігіттердің Бағланнан көңілі қалғанын жүріс-тұрысынан байқадым”, – дейді продюсер.

Фото: baglan_abdraimov_official

Өзгеріс