Қыс айындағы Астана Операның көңіл сазы

Камиль Сен-Санстың «Жануарлар карнавалы» хайуанаттар туралы қиял-ғажайып шығармасы

Скрипка мен фортепианоның музыкалық диалогы түріндегі Con anima сырлы концерті 25 қаңтардың кешінде өнерді бағалайтын жандардың жүректерін  жылытады. Күләш Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасына «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің жарқын солисі Қаламқас Жұмабаева мен танымал пианист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Алтай Құсайынов шығады, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.

Дайындық барысының алғашқы минутынан-ақ музыканттар арасында өзара түсіністік қалыптасты.

— Алтай Қарпықұлы Құсайынов спектакльдердің бірінде мені тыңдап, бірлескен концерт ұйымдастыруға ұсыныс білдірді, әлбетте, мен үшін бұл зор мақтаныш. Con anima кешінің атауы итальян тілінен аударғанда «Жан-тәнімен» дегенді білдіреді. Бұл өнер көрсетуге деген жан ұмтылысынан, музыканы бірге жасауға деген шынайы құлшыныстан туған атау. Жақсы пианистпен ойнау әрдайым қызықты, осы орайда Алтай Құсайынов секілді  зор білімі мен тәжірибесі, кең репертуары, оқытушылық өтілі бар орындаушымен бірге қызмет істеу көңілге қуаныш ұялатады. И.Брамстың Скрипка мен фортепианоға арналған №3 романтикалық сонатасы бағдарламаға таңдап алған алғашқы туынды, ал А.Шниткенің Көне стильдегі сюитасы оған керемет контраст болды. Бұл шығарманы алғаш рет Алтай Қарпықұлымен орындайтыным мен үшін үлкен қуаныш, — деді Қаламқас Жұмабаева.

«Астана Опера» Симфониялық оркестрінің жарқын солисі Қаламқас Жұмабаева

Сондай-ақ П.Чайковскийдің Скрипка мен фортепианоға арналған вальс-скерцосы, до мажор мен К.Сен-Санстың Интродукциясы мен Рондо-каприччиозосы тәрізді әлемдік классиктердің жауһарлары, сонымен қатар әртістің репертуарында айрықша орын алатын біртуар қазақстандық композитор Мансұр Сағатовтың «Күй» туындысы кештің сәнін келтіреді.

– Туындының алғашқы нұсқасы оркестрге арналған болатын және оның премьерасында фортепиано партиясын орындаған Алтай Қарпықұлының дәл өзі еді. Ал өзім жайлы айтатын болсам, консерватория студенті болып жүрген кезімде мен міндетті бағдарламадан туындыны үздік орындағаным үшін автордың қолынан жүлде алғанымды мақтан етемін. Сондықтан Мансұр Сағатовтың «Күй» шығармасы маған өте қымбат, — деп пікірімен бөлісті Қаламқас Жұмабаева.

Дарынды скрипкашының пікірінше, мұндай камералық музыка концерттері әртістерді орындаушылық техника тұрғысынан да байыта түседі, сондай-ақ қабылдау сергектігін қосады.

– Өзіңнің тұрақты репертуарыңнан ойыңды бөле отырып, өзіңді, басқа орындаушыларды, жаңа түрлі музыканы көбірек және тереңірек тани бастайсың, бұл әркез пайдалы әрі өте қызықты, — деп қорытындылады солист.

Сондай-ақ қаңтарда К.Байсейітова атындағы Камералық зал репертуарында ересектер мен балалар аудиториясына арналған сан алуан музыкалық кештер ұсынылғанын атап өту қажет. Сонымен, 11 қаңтарда «Квартетке арналған музыка маусымы» топтамасы аясында «Дәуір данышпандары: Бетховен. Шостакович» концерті өтеді. «Астана Опера» Ішекті аспаптар квартеті әртістерінің шебер интерпретациясында біртуар композиторлардың туындылары шырқалады, жоба авторы – театрдың бірінші скрипкасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов.

Камиль Сен-Санстың «Жануарлар карнавалы» хайуанаттар туралы қиял-ғажайып шығармасы 13 қаңтарда орыс тілінде және 14 қаңтарда қазақ тілінде ең кішкентай театр сүйер қауымды қуантады. «Құрмет» орденінің кавалері, дирижер Руслан Баймурзиннің жетекшілігіндегі «Астана Опера» Камералық ансамблі, фортепиано партиясын орындаушылар Жанар Сейітханова мен Салтанат Әбілханова, музыкатанушылар Сәуле Мәулетова мен Төлеген Назарбеков балаларды жануарлар мен құстардың әдемі бейнелері музыка арқылы берілетін әйгілі сюитамен таныстырады.

17 қаңтарда елорда тұрғындары мен қонақтарын «Романс туралы романс» қызықты вокалдық музыка кеші күтеді. Классик композиторлардың көпшілік ұнататын романстарын шақырылған солист Илона Тен, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов, Рамзат Балакишиев, Ерұлан Кәмел орындайды. Концертмейстер – Жанар Ахметова.

20 қаңтарда атақты опера әншісі әрі ұстаз, әйгілі Ла Скала театрының сахнасында өнер көрсеткен алғашқы қазақстандық, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Амангелді Сембиннің құрметіне «Сөнбеген сәуле» концерті өтеді. Вокалистер Артур Габдиев, Қуаныш Мұхамадиев, пианист Зәру Жазықбаева және тағы басқалары көрермендерге өз өнерлерін тарту етеді.

Вокалист Артур Габдиев

Бағдарламаның түйіні ретінде 30 қаңтарда тыңдармандарға «Астана Опера» музыканттары – виолончельші Ажар Қадырова мен скрипкашы Әнел Шәкірова, сондай-ақ пианист Анар Камельинованың орындауында «Классика шоқжұлдызы» концерті  ұсынылады. Кеш бағдарламасына Р.Шуман, И.Брамс пен С.Прокофьевтің камералық-аспаптық туындылары енді.