Халыққа оқ атқандар белгілі болады

«Йакын Инкар» ұйымы туралы айтыла бастады. Алматыдағы ғимараттарды өртеуге, дүние-мүлікті қиратуға, ең сорақысы адам өлтіруге негізгі себепкер осы ұйым деген хабар тарап жатыр. Ал Қазақстан оларды 2018 жылы экстремистік бағыттағы ұйым деп танып қойған.

Елімізде тыйым салынған «Таблиғи жамағат» ұйымының бір қанаты болып есептеледі. Халифат құруды көксейтіндер. Олардың мемлекет конституциясына түкіргені бар, оны өзгерткісі келеді әрі ел дербестігін мойындамайды.

Бұлар көршіміз Қырғызстанның Ыстықкөл облысында 2010 жылдары пайда болған. Қырғызстан ғана емес, Қазақстанның да ҚМДБ, яғни мемлекеттік деңгейде дінді реттеп, қадағалап отыратын рухани қызметімізге бағынбайды, сәйкесінше тіркелмеген. Өздерінің қатарын көбіне жұмыссыз әрі діни сауаты нашар жастармен толықтырып отырады. Сол жастардың заманға деген ренішін еркін айтқызып, іштегі шерін тарқатуға мүмкіндік береді. Осы тәсіл арқылы қатарларын тез көбейткен. Журналистермен сұқбаттасудан, діни пікірталастан қашады. Видеокамера көрсе болды беті-жүзін жасыра кетеді.

Естуімше тергеу жұмыстары дамылсыз жүріп жатыр. Демек көп ұзамай сот та болады, кінәлілер де жазасын алады. Яки бейбіт халықты атқандар мен ғимарат өртегендер, мемлекеттік, әкімшілік мекемелердің дүние-мүлкін қиратушылар бұқараға белгілі болады деген сөз.