Ұлттық санадағы рухани құндылық: діни ағымның әсері және әлеуметтік қоғамдағы мәселе (Н.Қапалбекұлы «беторамал» әңгімесі бойынша)

Рухани құндылықтар еліміз бен жеріміздің, ұлтымыздың санасына қанша ғасырдан бері сіңіскен сенімдері мен нанымдары. Әсіресе қазақ халқы ұлттық рухани құндылығын ерекше дәріптейтін халықтардың бірі. Ата-баба сөзін жерде қалдырмаған, тиымдарға берік халқымыздың арасынан әлі күнге дейін осындай ерекшеліктерді байқай аламыз. Дінге берік бола отырып тілі мен ұлтын сақтаған қазақ халқы әрқашан да рухани байлықты алғашқы орынға қойғаны мәлім. Ұлттық құндылықтарды қадірлей отырып, бүгінгі ұрпаққа жеткізу кешегі тарихтың алдындағы бір міндеті іспеттес болған. Ал діни көзқарастары жан тазалығы мен тән тазалығына берік, ешкімнің ала жібін аттатқызбайтын ұрпақ тәрбиелеген. Осылайша рухани мұраға бай, халқын сүйетін, тілі мен дініне берік ел  жастарын қалыптастырды. Бідің ұлттық санамыздағы рухани құндылығымыз дәл осылай атадан балаға жалғасып, сүйегімізге сіңіп өскен болса, дініміз сол құндылықтармен тығыз байланыста болып, адам баласына үлгі-өнеге беретін, ниеті мен пейілін тек жақсылық ойлауға тәрбиелейтін ғажап дін. Дегенімен бүгінде халық арасында рухани құндылығымыз бен дінімізге жат өзгеше дінді ұстанатындар да аз емес. Мемлекетіміз зайырлы болғандықтан әрине әр пенде өз дінін ұстанары хақ. Әйтсе де бұл біздің санамыздағы ұлттық құндылықтарымызға, рухани азықтарымызға керісінше әсер етуде. Дәл осы тақырып аясында жазушы әрі қоғам қайраткері Нағышбек Қапалбекұлының «Беторамал» шығармасы толық жеткізіп бере алады. Тақырып аясын бұдан әрмен шығармадан мысалдар келтіре отырып талдайтын болсам:

Біріншіден, «Беторамал» әңгімесі бүгінде көп халықтың санасында жүрген сан сұрақтың жауабы іспеттес. Діни ағымның әртүрлі әсері арқылы ұлттық санамыздағы кейбір құндылықтарымыздан ада қалып барамыз. Шығарма адамды ойландыры отырып ой толғауға, үлгі-өнеге алуға шақырады. Мазмұны бір-бірімен сабақтаса отырып, 80 жасар бір қарияның өмірінде болған сан түрлі жағдайлар баяндалады. Соның ішіндегі бүгінгі қоғамда болған әлі де болып жатқан бір тақырып бар. Оны жазушы «Темір өзі ғана емес төрт ұлын да соңынан ертіп мешіттен қалдырмайды, сақалдылардың үйіне барып, түні бойы сонда болып қайтады. Келінімді де тұмшалап киіндіріп қойған, қап-қара қалың хиджабын қысы-жазы бүркеніп киіп жүргені» деп бейнелейді. Қанша жылдан кейін көрген ұлының мұндай жолда болуы ректор болып қызмет істеген ақсақалға жат көрінеді. Дәл осындағы Темір бейнесі әлі де бар, жоқшылық емес. Халық кімге сенерін, қандай дінді ұстанарын білмей адасып жүргені де өтірік емес. Дінің қандай болса да, дейтіні біреу: «жақсылық жасау, жамандық жасамау». Бұл шығармадағы сақалдылардың кейіпі де өзіңе де, өзгеге де жақсылық ойлайтын жандар болғанда, бәлкім  қоғамда мұндай тақырыптар көтерілмес пе еді? Себебі халық арасында жүрген жауабы жоқ сұрақтың көбісі жазушылардың шығармалары арқылы жеткізіліп жүргені тағы бар. Сондай сұрақтың бірінен де осы «Беторамал» әңгімесі туып отыр емес пе? Демек, қара сақалдылар мен қысқа шалбар кигендердің ең әуелі тауқыметі біздің ұлттық бейнемізге жат болғанынан қалыптасады. Олар үшін дін барлығынан маңызды, бос уақыттарын тек мешітте ғана өткізуі қалыпты жағдай болып қалған.

Ал екіншісі, бұл діни ағымның өкілдері әлеуметтік қоғамда әртүрлі мәселе туғызуда. Соның бірі кісі қайтыс болған кездегі жерлеу рәсімі. Қанша жылдан бері халық арасында болып келе жатқан, бола да беретін әдеттерге қарсы өзгеше жерлеу рәсімі бұл діндегі адамдарға тән. Жазушы әңгімесіне бұл тақырыпты да арқау етеді. Шығармада «олар – зындандағы заһар тіршілікке дуаланған пенделер, ештеңеге селт етпейді. Баламның қырқын да, асын да бергізбеді, бірде-біреуі бейітке де бармады-ау, шіркіндер!» деген жолдармен беріледі. Кісі қайтыс болғаннан кейін ел жиып жаназасын өткізу, қайтыс болғанына жеті күн болғанда «жетісін», қырық күн болғанда «қырқын» өткізу біздің ұлтымызда бұрыннан бар, сүйегімізге сіңіп қалған. Бұл рәсімдердегі мақсат қайтыс болған адамды еске алу, жақсылығын айтып халық арасында мадақтау, құран бағышай отырып ол дүниеде де жаны жай тапсын дегені. Тіпті бұрынғы он тоғызыншы ғасырларда жыраулар мен жыршылар таңды таңға жалға зарын айтып, домбырасымен естіртуін жеткізген, жұбату айтқан. Олай болса бүгінде қалайша біз бейітке бармайтын, топырақ салмайтын «қырқы мен жылдығын» білмейтін ұрпаққа кез болдық? Тағы да осы жерде сол ұзын қара сақалдылар мен мешіттен шықпайтын жандардың отбасынан, достарынан көреріміз анық. Мінекей, осылайша біздің діни ағымымыздың әлеуметтік қоғамға кері әсері тиюде. Жерлеу рәсімін білмейтін ұрпақ қалыптасты отырып, ұлттық құндылықтардың жойылып кетуіне ықпал етуде.

Үшінші мәселе және ең қорқыныштысы өз жақыныңды сыйламау, бір қаның болған адамнан бас тарту, бөтеніңдей баптамау. Өте аянышты және өте қорқынышты. Бұл тақырыпты да біз Нағышбек Қапалбекұлының «Беторамал» әңгімесінен таба аламыз. Бүгінгі әлеуметтік қоғамда ең көп кездесетіні де осы. Соның салдарынан қазір балалар үйі мен жетімдер үйі көбеюде. Егер діни ағымдары ұлттық құндылықтарымызға әсер етпесе осылай болар ма еді? Ойымды нақтырақ шығарма арқылы жеткізсем: «Бір күні төрт немерем мен жатқан сарайға кіріп кеп тізіліп тұра қалды.Тұңғыш немерем бірден сөз бастады.» Сондағы дегені не деп ойлайсыз ғой… Ол: «Сізді қарттар үйіне өткіземіз – дегенде тастөбемнен таспен ұрғандай тілім аузыма симай шөкиіп отыра қалдым.» Иә, шығармадағы қариямен бірге оқи отырып кез-келген жанның төбесінен суық су құйғандай болары сөзсіз. Өзіңнен туған немерең, бауыр етің, қаның сені қарттар үйіне өткіземіз деп, есік алдындағы сарайға сыйдырмаған соң бұл ұлттық құндылығымызға әсер етпей қайтсін? Осы орайда дінтанушы мамандадың дегеніне жүгінсек: «Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, моральдық нормалар, қарым-қатынас әдебі, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі.»  Қазақ халқының қанында: «үлкенге құрмеи, кішіге ізет» деген қалыптасқан. Қариясын қазынасындай баптаған, үнемі жолын кеспей, батасын алуға тырысқан ұлттық құндылықтарымыз өкінішке орай осындай әлеуметтік жағдайға әсер етіп отыр. Тіпті туған атасымен бір дастарханда отырмай, бір үйде тұрмай, есік алдындағы сарайға жатқызып, келіндерінің есіне түскенде ғана тамақ алып келіп тұрғаны ше?  Біздің ұлттық санамыз мұндай емес, рухани құндылығымыз да мұндай емес қой. Қарияның ең соңында немерелерінен баз кешіп, қырық жыл бұрынғы шәкіртіп іздеп бас сауғалап кетуі де, тіпті қариялар үйі оны қабылдамауы бүгінде кей отбасыларда болып жатқан оқиға екені рас. Осылайша тағы да діни ағымның әсері біздің рухани құндылығымыздан алыстап кетуімізге тым жылдам әсер етуде.

Шығарманы талдай отырып, әлеуметтік мәселелерді қозғай отырып әртүрлі ағымдардың қанша жылдар бойы санамызға сіңген ұлттық құндылықтарымызға әсер етіп жатқанын көрдік. Соның ішінде, үлкенді сыйлай алмау, қайтыс болған адамның рәсімін дұрыс өткізе  алмау сынды мәселелердің өршіп тұрғанын байқадық. Бұндай олқылықтардың алдын алу үшін ең әуелі халық санасына «біздің ұлттық құндылығымыз жоғалмасын» деген үндеу тасталуы керек.

           «Тұран» университеті

қауымдастырылған-проф Тулекова Гүлжан Қажымұратқызы

1 курс студенті психология мамандығы   Шамшидинова Шахнизам Аршидинқызы