Экономикалық саясат жүргізуде Үкімет Президент әкімшілігіне қашанғы жалтақтайды?

6 желтоқсан 2023 жыл, осы сұрақты Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев депутаттық сауалын Үкіметке жолдады, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо

Депутат Президент Қ.Тоқаевтың биылғы Жолдауына сүйеніп, біріншіден, нақты салаларға қатысты шешімдерді әзірлеу және орындау міндеті, сондай-ақ түпкі нәтиже үшін жауапкершілік толығымен министрлерге және әкімдерге жүктеледі.

«Екіншіден, экономикалық саясаттың іске асырылуына Үкімет толығымен жауап береді. Бюрократияға… салынбай, Президент Әкімшілігіне жалтақтамай, экономиканы дербес басқарудың барлық әдіс-тәсілдерін қолында ұстауға тиіс», — деп Үкіметке нақты тапсырмаға назар аудартты.

Сауалда «Ақ жол» фракциясы бұл шешімді, осы Жолдаудағы ең маңызды бастамалардың бірі деп санайды. Бұл деген — демократия мен шенеуніктердің жеке жауапкершілігі жолындағы нақты қадам.

Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы Үкімет мүшелерін Президент Әкімшілігінің қадағалауынан босатып, оларға іс-әрекет еркіндігін беріп, сонымен қатар жауапкершілікті мойнына алуды тапсырды. Бұл шешім, «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына толығымен сәйкес келсе, яғни, Үкімет бұдан былай, Әкімшіліктің емес, Президент пен Парламенттің алдында есеп беруі тиіс.

Алайда, Ақжол лидерінің пікірінше, Үкімет бұл тапсырманы орындауға әлі де асығатын емес.

«Сауатты болып көрінетін министрлер, жауапты сәтте жалт беріп, Әкімшіліктен «құнды нұсқауларды» күтетіндігін көріп жүрміз. Әліге дейін, күрделі мәселелер тек Президенттің тікелей бұйрығынан кейін ғана қабылданады. Қарағандыдағы шахтада жарылыс, немесе Алматыда хостел өрт сияқты қоғамда резонанс тудырған оқиғаларды алсақ, тағы да Президенттің өзі араласуға мәжбүр болды. Сол сияқты, Мәжіліс депутаттарының заң шығарушылық жұмысының барысында да, батыл нормалар енгізілетін болса, министрліктердің өкілдері соны Үкіметтің қорытындысына жіберуды сұрап, ал сосын Президент Әкімшілігінің пікірін күту тәжірибе жиі таралған. Бұл, Президент Жолдауындағы жоғарыда аталған тапсырмаға қайшы келеді», — деді А.Перуашев.