Дарынды жастар шетелге емес, елге қызмет етуі тиіс

Бұл туралы 6 желтоқсан 2023 жылы Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаты Ержан Бейсенбаев көтеріп, өз сауалын Үкімет басшысына жолдады, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев 2021 жылғы 10 маусымда өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 33-ші пленарлық отырысында, Үкіметті озық технологиясы бар халықаралық компанияларда жұмыс істеген, тәжірибелі қазақстандықтарды тарту бағдарламасын іске қосу жөніндегі «KPMG» компаниясының бастамасын қолдауға шақырған болатын.

«Ақ жол» партиясы фракциясы бұл бастаманы толығымен қолдап, 2021 жылғы 30 желтоқсанда, Президенттің тапсырмасының орындалу барысы туралы сауал жасады. Алайда, сол сауалдағы нақты сұраққа, нақты жауап ала алмаған.

Депутаттың айтуынша қазіргі кезде Қазақстаннан «білімдарлардың кетуі» («утечка мозгов») үлкен мәселеге айналып отыр. Шетел жоғары оқу орындарында білім алып, мықты маман болып шыққан біздің дарынды жастарымызды, сол елдің компаниялары тұрақты жұмыс орнымен, үлкен еңбекақымен, әлеуметтік пакетпен қызықтырып өздерінде қалдыруға тырысады.

«Мысалы, Ресей университеттері мен колледждерінде қазақстандық мектептердің 70 мыңдай түлектері бар екен. Бұл көрсеткіш бойынша Ресейдегі шетелдік студенттер арасында Қазақстаннан келген жастар бірінші орында тұр. Ол жайлы Ресейдің ресми тұлғалары да мақтанышпен ашық айтып жатыр. Егер жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандықтардың жалпы санымен салыстыратын болсақ, онда Ресейге оқуға кеткендердің үлесі 10 пайыздан асады», — деді депутат.

Барлығына мәлім, Ресей университеттеріне қазақ талапкерлерін Ұлттық бірыңғай тестілеусіз (ҰБТ) қабылдап, грант, стипендия, жатақхана беріп, ал білім алып шыққаннан кейін жұмыс орнын ұсынатындығы, тіпті азаматтық береді. Көптеген қазақ жастары бұған қызығушылық танытып жатады. Оның басты себебі, депутаттың пікірінше, ҰБТ тапсырудың өзі көптеген жылдар бойы нағыз стресске айналып кетті.

«Күн-түн ұйқы көрмей, дайындалып, нәтижесінде тиісті балл ала алмай қалған оқушылар суицидке дейін барған фактілер де болған. Біздің бұл көршілес мемлекетке зейін қойып отырғанымыз, жүріп жатқан соғыс салдарынан демографиялық және жұмыс қолы мәселелерін шешу үшін, Ресей Қазақстан жастарын өзінде қалдыруға мүдделі және бұл бағытта барынша жағдай жасауы әбден мүмкін. Бұл деген жұмыс орнымен қамтудан бастап, лайықты жалақы, баспана беру тағы басқа әрекеттер жасау», — деді «Ақжол» депутаты.

Осыған байланысты, «Ақ жол» партиясы келесі ұсыныстарды да жария етті:

1) Үкімет Президенттің тапсырмасын орындау барысында, мықты  халықаралық технологиялық компаниялардан қазақстандықтарды қайтару жөнінде бағдарламасын қабылдауы, дарынды жастарымызға қандай жағдай жасалған, қанша және қандай компаниялардан жастар елге оралғандығы жөнінде ақпарат беру.

2) Ресей тәжірибесін пайдалана отырып, дарынды жастарды қазақстандық университеттерге ҰБТ-сыз басқа жолымен қабылдауға рұқсат беруді ұсынамыз.

3) Тек Ресей не басқа шетелдік университеттерінің түлектерін әкелу ғана емес, өзіміздің жастарды жұмыспен, баспанамен қамту мәселелері бойынша қандай іс-шаралар жүргізіліп жатыр.